Тауар импорты мен жанама салықтар туралы 328.00 формасы ескі салық кабинетінде істен шығарылады. 2026 жылдың 16 ақпанынан бастап бұл құжатты тек жаңа цифрлық алаңда ғана толтыруға болады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, салық есебін тапсыру жүйесінде біршама жаңалық бар. Бұрынғы «Салық төлеушінің кабинеті» мен СОНО ақпараттық жүйесінде 328.00 формасының жұмысы тоқтатылғанымен, оның функционалы толық сақталған күйде жаңа Интеграцияланған салық әкімшілендіру жүйесінің (КНП ИСНА) кабинеті арқылы жалғасады.
«Ескі жүйедегі 328.00 формасы өшіріледі, бірақ барлық қызмет түрлері жаңартылған платформада қолжетімді болып қала береді», – деп атап өтті комитет мамандары.
Салық комитеті жаңа жүйеге алдын ала кіріп, электронды цифрлық қолтаңбаның дұрыстығын тексеріп алуды ескертіп отыр. Өйткені кейінірек есеп өткізу кезінде ешқандай техникалық ақаулар болмауы тиіс.
Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда салық төлеушілер knpsd@ecc.kz электронды поштасы арқылы қолдау қызметіне хабарласа алады.
Айта кетейік, 328.00 формасы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы №628 бұйрығымен бекітілген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

