Ішкі істер министрлігі желіде жарияланған «борышкер блогерлердің» тізімін тексереді, — деп хабарлайды ErtenMedia Tengri Life-қа сілтеп.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі басылымның ресми сауалына жауап ретінде әлеуметтік желілерде тараған тізімге қатысты пікір білдірген.
Ведомство мәліметінше, бұл ақпаратты тарату дерегі тіркеліп, одан әрі қарау үшін Астана Полиция департаментіне берілген.
«Әлеуметтік желілерде блогерлердің деректері бар тізімді тарату дерегі ІІМ ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген және материал Астана қаласының Полиция департаментіне жіберілген. Материалды қарау барысында осы тізімнің шынайылығын анықтау бойынша шаралар қабылданады», — деді ПД өкілдері.
Сонымен қатар, ведомство өкілдері тексеріс қорытындысы бойынша соталды тергеуді бастау туралы шешім қабылдануы мүмкін екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін желіде блогерлердің тізімі тарады. Оның ішінде Мейрамбек Бесбаев, Алтынай Жорабаева, Ерке Есмахан сынды эстарада жұлдыздарынан бастап, продюсер Баян Алагөзова, танымал блогер, кәсіпкерлер де бар. Желіні шулатқан борышкерлер тізімінде көш басында блогер Бейбіт Әлібеков тұр. Жанында оның «2 миллиард 163 миллион теңге табыс тауып, салық төлемегені» көрсетілген. Кейін атақты продюсер Баян Мақсатқызы да 272 миллион теңгемен тізімге енген.
Еске салайық, қазақстандық блогерлерге салық төлеу үшін бір ай уақыт берілген болатын. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 594 блогер өз кірісін 53,3 миллиард теңгеге төмендетіп көрсеткен.
Енді оларға нақтыланған салық есебін тапсыру немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беру міндеттелген.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова қазақстандықтардан блогерлердің табысына қатысты көптеген шағым түскенін айтты. Оның сөзінше, блогерлерге салық хабарламалары 2025 жылы ақпанда 2022-2023 жылдарға жүргізілген деректерді талдау нәтижесінде жіберілген.