Самар ауданындағы медициналық ұйымдар алдағы екі жылда кезең-кезеңімен жаңартылып, ауыл тұрғындарына көрсетілетін көмектің сапасы артады. Мемлекеттік қолдау мен бизнестің әлеуметтік инвестициясы аудан медицинасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталып отыр, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Шығыс Қазақстанда ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметті қолжетімді ету бағытындағы жұмыс жалғасып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртып, халыққа қаладағыдай жағдай жасауға басымдық берілген.
Осы міндет Самар ауданында мемлекет пен бизнестің бірлескен жобалары арқылы жүзеге асырыла бастады.
Алдағы екі жыл ішінде аудандық орталық аурухана толық қайта жаңғыртылады. Фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер де кезекпен жөндеуден өтеді. Ғимараттармен бірге инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, медициналық бөлімшелер заманауи талаптарға сәйкестендіріледі.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Самар аудандық орталық ауруханасына барып, мекеменің қазіргі жағдайымен танысты. Аймақ басшысына аурухананы қайта жаңғырту жоспары мен алдағы жұмыстардың кезеңдері таныстырылды. Әкім медициналық көмектің сапасы ғимаратпен ғана өлшенбей, құрал-жабдық пен мамандардың мүмкіндігіне де тікелей байланысты екенін атап өтті.
Қазір Самар аудандық орталық ауруханасы 10,5 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда шұғыл және алғашқы медициналық-санитарлық көмектен бастап, консультативтік-диагностикалық, мамандандырылған және стационарлық қызметке дейінгі толық медициналық көмек көрсетіледі. Аудан халқы үшін аурухана алысқа сабылмай, қажетті ем-дом алуға мүмкіндік беретін негізгі орталық саналады.
2025 жылдың қорытындысында тұрғындар емханаға 57 мыңнан астам рет жүгінген. Тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда 38 төсек-орын бар, онда былтыр 700-ден астам пациент ем қабылдады. Күндізгі стационарда тағы 881 адамға медициналық көмек көрсетілді.
Мекемеде барлығы 201 қызметкер еңбек етеді. Олардың арасында 28 дәрігер және 91 орта буын медицина қызметкері бар. Аурухананы жаңғырту дәрігерлердің жұмыс жағдайын жақсартып, науқастарға көрсетілетін қызмет ауқымын кеңейтуге жол ашады.

Ауданның медициналық базасы жаңа техникамен де толықтырылады. Самарға алғаш рет компьютерлік томограф пен реанимобиль сатып алу жоспарланып отыр. Соның арқасында күрделі диагностиканы ауданның өзінде жүргізіп, шұғыл жағдайдағы науқастарға жедел көмек көрсету мүмкіндігі артады.
Цифрлық медицина да шалғай ауыл мен үлкен қаланың арасын жақындатпақ. Медициналық ұйымдарды Starlink интернетіне қосу арқылы тұрғындарға еліміздің жетекші дәрігерлерінен онлайн кеңес алу мүмкіндігі ұсынылады. Жаңа байланыс жүйесі аудан мамандарына күрделі жағдайлар бойынша әріптестерімен жедел кеңесуге көмектеседі.
Самардағы медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға BI Group компаниясының негізін қалаушы, меценат Айдын Рахымбаев та үлес қосып отыр. Кәсіпкер әлеуметтік жобаларға қаржылай қолдау көрсетіп, ауылды дамытуға инвестиция салуда. Ол жұмыс сапары аясындағы іс-шараға қатысып, ауданда жүзеге асырылатын жобалар мен алдағы жоспарлар жөнінде айтты.
Мемлекет пен жеке бизнестің бір арнаға тоғысқан жұмысы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Мемлекет қажетті инфрақұрылым қалыптастырса, кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар нысандарға қаржы салып, қосымша мүмкіндік ашады. Осындай әріптестік ауылдың дамуына жаңа серпін беріп, бөлінген қаражаттың нақты нәтижеге айналуына ықпал етеді.
Айта кетейік, өткен жылы ауруханадағы лифт шахтасына күрделі жөндеу жүргізілген. Пациенттерді тасымалдауға арналған жаңа жолаушылар лифті де орнатылды. Ендігі жаңғырту жұмысы ғимаратты тұтас қамтып, аудан медицинасының материалдық және техникалық әлеуетін күшейтпек.
Жоба толық аяқталғаннан кейін Самар ауданында заманауи медициналық инфрақұрылым қалыптасады. Тұрғындар сапалы диагностика мен шұғыл көмекті ауданнан шықпай-ақ алу мүмкіндігіне ие болады. Президент тапсырмасын іске асыруға мемлекет пен бизнестің қатар атсалысуы ауыл халқына нақты нәтиже әкелетін әріптестік үлгісін көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







