«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қорды тарату туралы ұсынысқа байланысты мәлімдеме жасады деп хабарлайды Ertenmedia.
Төраға әлгіндей пікірмен келіспейді және мұндай ұсынысты «орынсыз» деп бағалайды.
«Иә, ондай пікірлер айтылды. Қазір Жоғарғы аудиторлық палата қор қызметіне аудит жүргізіп жатыр. Жақын уақытта аяқталып, толық ақпарат ұсынылады.
Ал тарату туралы ұсынысқа келсек, бұл – негізсіз. Қор өзінің меншігіндегі активтерді тиімді басқару міндетін атқарады. Негізгі мақсат активтердің құнын арттырып, мемлекет пен үкіметке дивиденд төлеу», – дейді Жақыпов.
Ол сондай-ақ «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының былтырғы салықтық түсімдері 2,2 трлн теңгеге, ал мемлекетке аударылған төлемдер 1,4 трлн теңгеге жеткенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Әділ Жүнісов қорды тарату жөнінде бастама көтерген болатын.
«Елде жеке кәсібі жоқ болса да, шалқып байып отырғандар бар. Бізде байлықтың бәрі ұрлауға ыңғайлы болуы үшін бір қолға жинақталып қалған. «Самұрық-Қазынаны» таратып бәсекелі нарыққа жол беру керек», – деген еді Жұбанов.
Ал Жоғарғы аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржановтың мәліметінше, аудит шілде айында аяқталады және оның нәтижесі бойынша қор туралы толық есеп жарияланады.
Ertenmedia-ға пікір білдерген қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша Бас аудитор Әлихан Смайловтың қабылдаған кезде Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» мен ұлттық компанияларды түбегейлі тексеру туралы нақты тапсырма берген.
«Шынын айтқанда, тексерудің тез біте қоюы да екіталай. Себебі, тек бас компанияны емес, оған еншілес компанияларды, филиалдарды, олармен бірге әрекет еткен қаржы институттарын түгел тексеруге ұзақ уақыт қажет.
Бірақ мәселе тек аудиттің созылуында емес. «Самұрық-Қазына» экономиканың тиімділігін арттырудан бұрын, ұрланған қаражаттың ізін жасыратын «жабық мекеме» қызметін атқарып отыр.
Әйтпесе, жыл соңында шығыны шаш етектен келсе де, қор менеджерлерінің қыруар бонусты бөлісіп алып жатқанын қалай ақтаймыз? Өз басым, қорды түбегейлі таратуды қолдаймын», – дейді сарапшы.
Айта кетейік, 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры түбегейлі реформалануы тиіс екенін атап өткен. Ол квазимемлекеттік сектордағы ашықтықты арттыру және монополиядан арылу әлі де шешімін таппаған маңызды міндеттер қатарында екенін айтқан.