Азия нарығында мұнай теңгерімі қайта есептелуде. АҚШ-тың «Роснефть» пен «Лукойлға» енгізген санкцияларынан кейін Қытайдың ірі мемлекеттік ойыншылары PetroChina, Sinopec, CNOOC және Zhenhua Oil теңіз арқылы жеткізілетін ресейлік мұнайға сатып алуды уақытша тоқтатты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бірқатар басылымдар қысқа мерзімде теңіз маршруттарына ірі мәмілелер жасалмайтынын жазады. Ал құбырмен келетін көлем сақталады. Осы ретте теңіз партияларындағы үзіліс нарыққа қалай әсер етеді деген сұраққа жауап іздесек.
Қытайдың тәуліктік теңіз импортында ресейлік мұнайдың үлесі шамамен 1,4 млн баррельді құрайды. Оның басым бөлігі «теапоттар» атанған тәуелсіз зауыттарға тиесілі, ал мемлекеттік алпауыттардың теңіз арқылы алатын үлесі әр түрлі бағаланады. Ол 250 мыңнан 500 мың баррельге дейінгі аралықты қамтиды. Дереккөздер мемлекеттік трейдерлердің сақтық танытып отырғанын, санкциялық тәуекелді бағалау кезеңі жүріп жатқанын жеткізеді.
Санкциялар тек компания атауларына қатысты шектеу емес, төлем арналары мен сақтандыру тізбегін де қайта құра бастайды. Жеткізу логистикасы күрделенген сәтте баға айырмасы, яғни дисконт қайта есептелінуі ммүмкін. Бұдан басқа мәміле жасасудағы делдалдар шоғыры өзгереді. Ендігі жерде әр келісім бойынша тексеруі тереңдей түсуі ықтимал.
Қытайдағы мемлекеттік компаниялар пауза жариялаған мезетте тәуелсіз зауыттар да кідіріп, ықтимал тәуекелді таразылауға кқшкен. Мұндай үзіліс Таяу Шығыс, Африка және Латын Америкасы бағыттарына сұранысты ығыстыруы ықтимал, нәтижесінде халықаралық баға дәлізінде серпіліс байқалады.
Сараптамалық жазбаларда мұнай котировкаларының секірісі тіркелгені айтылды. Нарықтағы жаңа тепе-теңдік көп факторға тәуелді, ең бастысы — санкция орындалу қатаңдығы мен ірі импорттаушылардың нақты шешімдері.
Геосаяси фон да үнсіз қалмады. Мәскеу санкция салмағын мойындағанмен бағытын өзгертпейтінін меңзеп отыр деген пікірлер жарияланды. ЕО тарапынан да үйлесімді шаралар аталып жатыр. Әлемдік нарық осы риторика мен нақты жеткізілім арасындағы қайшылықты бақылап тұр.
Қысқа мерзімде теңіз жеткізіліміндегі кідіріс келісімшарт құрылымын қайта қарайды. Сақтандыру, фрахт, төлем валютасы және делдалдық модельдер өзгеруі ықтимал. Қытайдың мемлекеттік алпауыттары тәуекелді төмендетуге тырысып отыр, себебі екінші реттік санкция қаупі кез келген ірі холдинг үшін қаржылық және операциялық шектеулерге ұласуы мүмкін. Жабдықтау тізбегіндегі мұндай түзетулер Қазақстан сияқты транзитке тәуелді экономикалар үшін де маңызды. Аймақтағы бағам, инфляция, бюджет кірістері, көлік дәліздерінің жүктемесі осы мұнай картасының қалай жиналатынына тікелей тәуелді.

