Еуроодақ Ресейге қарсы жаңа санкциялардың 19-шы пакетін әзірлеп жатыр. Бірақ бұл жолы санкциялардың салқыны Орта Азияға да тиюі мүмкін деп хабарлайды Ertenmedia.
Reuters дерегінше, жаңа санкция тізіміне Орталық Азиядағы екі мемлекеттің бірнеше банкі ілінуі ықтимал. Аталған елдердің және нақты банктердің аты әзірге жария етілмеді.
Қыркүйектің 8-9 күндері ЕО-ның санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Дэвид О’Салливан Вашингтонда америкалық әріптестерімен келіссөз өткізуде. Мұнда санкциялардың егжей-тегжейі талқыланып, ортақ ұстаным пысықталмақ.
Еуроодақ Кеңесінің басшысы Антониу Кошта санкциялардың АҚШ-пен тығыз үйлесімде қабылданатынын атап өтті. Оның айтуынша, жыл басында Трамптың Путинмен бөлек келіссөз жүргізуі еуропалық саясаткерлерді алаңдатқан.
Ендігі жерде Вашингтон мен Брюссель Ресейге қатысты бірыңғай саясат ұстануға ниетті.
Оған дейін Bloomberg агенттігі жаңа санкциялардың ресейлік алты банк пен энергетикалық компанияларға қарсы бағытталатынын хабарлаған. Сонымен қатар, санкция тізіміне төлем жүйелері мен банк карталары операторлары, криптобиржалар да енгізілуі мүмкін.
Мұнай саудасына бақылау күшейтіліп, «Роснефть» пен «Лукойл» сияқты алып компанияларға бұрын берілген жеңілдіктер алынып тасталмақ. Бұл Ресейдің мұнай экспортын күрт шектеуі ықтимал.
Санкциялардың Орта Азияға қарай бұрылуы Ресеймен экономикалық байланыстың тым тереңдеп кеткенінен хабар береді. Еуропаның көзқарасынша, аймақтағы кейбір банктер Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге көмектесіп отыр.