Қазақстанда жұмысшыларды міндетті сақтандыру жүйесі толық қайта қарауды қажет етеді. Қолданыстағы тарифтер еңбек жағдайы мен қауіп-қатер деңгейін мүлде ескермейді. Нәтижесінде шағын және микробизнес табысын жасырып, жалақыны «конвертпен» төлеуге мәжбүр деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл мәселені AMANAT партиясының үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында заңгер, қаржы сарапшысы Айжан Балакешова көтерді. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов пен премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қатысқан жиында міндетті сақтандыру жүйесіндегі қисынсыз тариф мәселесі талқыланды.
Сарапшының айтуынша, қазіргі мемлекеттік сақтандыру жүйесі қауіп-қатер деңгейіне мүлде назар аудармай, барлық компанияларға бірдей тариф қолдануда.
«Офисте бір ғана адам жұмыс істейтін мекеме жылына 85 мың теңге төлейді.
Екі сатушысы бар базардағы шағын кәсіпкер де дәл осы соманы төлейді. Он жұмысшысы аса қауіпті монтаж жұмыстарымен айналысатын кәсіпорын да сол 85 мың теңге төлейді. Бұл мүлде қисынсыз! Кеңседегі жұмыстың қаупі мен өндірістегі тәуекелді салыстыруға келмейді, бірақ тариф бәріне бірдей.
Мемлекеттік органдар осы мәселені реттеп, сақтандыру компанияларының жұмысын қадағалауға алуы керек», – деді сарапшы.
Осындай ауыр қаржылық жүктеме, әсіресе, шағын бизнеске ауыр тиуде. Кәсіпкерлер шығындарды қисынсыз деп санап, жүйеден қашудың жолдарын іздеуге мәжбүр. Соның кесірінен жалақы қайтадан жасырын түрде, «конвертпен» төлене бастаған.
«Базардағы саудагерлер ашық айтады: адамдарды ресми түрде тіркеу тиімсіз, сатушыларды өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына қосуға мәжбүр. Себебі жыл сайын 85 мың теңге сақтандыру үшін тым қымбат. Бір мемлекеттік орган жалақы қорын заңдастыруға тырысса, екінші мемлекеттік орган осы тарифтер арқылы бизнесті қайтадан «көлеңкеге» тығып жатыр», – дейді Айжан Балакешова.
Заңгер мемлекеттік органдарға сақтандыру жүйесін толық талдап, тарифтерді нақты еңбек қаупі мен жұмысшылар санына қарай белгілеуді ұсынды.
Айта кетейік, Қазақстанда қазір жаңа Салық кодексі белсенді талқыланып жатыр. Сарапшылар мен AMANAT партиясы адал кәсіпкерлерге қаржылық және әкімшілік қысымды азайтуды талап етуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







