Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында Қазақстанда ресми түрде тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» ұйымының жасырын ұяшығы әшкереленді. Аталған құрылымның әрекетіне сол ауылдың кемінде 25 тұрғыны тартылған, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Құқық қорғау органдары күдіктілердің тұрғылықты жеріне санкцияланған тінту жүргізіп, жеке заттарын да тексерді. Нәтижесінде экстремистік сипаттағы идеологиялық материалдардың тұтас арсеналы анықталған.
Тәркіленген айғақтар
Тәркіленген айғақтар:
• 11 смартфон;
• 93 кітап;
• 16 брошюра;
• 2 қалың дәптер;
• діни мазмұндағы жазбалары бар қойын дәптер.
Қазіргі уақытта алынған барлық кітаптар мен электронды құрылғыларға сараптама тағайындалып, 25 адамның әрқайсысының ұйым ішіндегі рөлі мен жауапкершілік деңгейі анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу басталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тыйым салынған құрылым
«Хизб ут-Тахрир» — түпкі мақсаты ретінде «дүниежүзілік халифат» құруды көздейтін халықаралық діни-саяси ұйым. Бұл құрылымның ел аумағындағы кез келген әрекетіне Астана қалалық сотының 2005 жылғы 28 наурыздағы шешімімен түбегейлі тыйым салынған. Ол Қазақстанда экстремистік әрі террористік ұйымдар тізіміне ресми түрде енгізілген.
Шыны керек, бір ғана ауылдан ширек жүз адамның тыйым салынған топтың шырмауына ілігуі ойланатын жайт. Ауылдық аймақтарда идеологиялық иммунитеттің әлсіздігі мен жабық ортадағы үгіт-насихат тетіктері әлі де толық жойылмағанын осы оқиға ашық көрсетіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







