Алматы облысының Полиция департаменті Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Полиция мәліметінше, былтыр 4 қазанға қараған түні болған қылмысты тергеу аяқталған. Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысқан, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданған.
«Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізілді, шамамен 200 куәгерден жауап алынды, барлық күдіктінің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілді, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілді, сондай-ақ, қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған өзге де тергеу әрекеттері жүзеге асырылды», — деп жазылған хабарламада.
Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға бере отырып, 8 бейнематериал зерттелген.
«Қылмыстық іс 62 томнан тұрады, оның ішінде барлық жиналған дәлел, сараптама қорытындылары, жауап алу хаттамалары және басқа да маңызды материалдар бар. Әрбір тергеу әрекеті қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес жүргізілді, тергеудің барлық кезеңінде заңдылық, ашықтық және объективтілік қамтамасыз етілді», — деді ПД өкілдері.
Тергеу барысы және процесс қатысушыларының конституциялық құқықтарының сақталуы прокуратура органдарының бақылауында болған.
Оқиға хронологиясы
2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат қаза тапты. Қылмысты жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, қамауға алынды. Оқиғаны тергеуді Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов бақылауына алды.
Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болаттың отбасының үйі өртенді. Бас прокуратура үйді өртегені үшін кінәлілерді табуға уәде берді.
Артынша жұмбақ жағдайда Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев та өлі табылды.