Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов «Самұрық-Қазына» қорының қызметін қатаң сынға алды. Мәлімдеме Мәжілісте Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін талқылау барысында жасалды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Талқылауда депутат Жұбанов ұлттық компанияларда өте бай адамдардың қызмет ететінін, ал олардың көпшілігінің бизнес жүргізуден мүлдем хабары жоқ екенін ашық айтты.
«Ұлттық компанияларда кәсіппен бір күн де айналыспаған, бірақ өте ауқатты адамдар жұмыс істейді.
Отбасында да ешкім кәсіпкер болмаған, бірақ байлығы асып-тасып тұрған азаматтар бар екенін бәріміз білеміз. Біз бүкіл байлығымызды бір қолға жинап, ұрлауға өте ыңғайлы жағдай жасап қойдық. Мен жалпы «Самұрық-Қазына» қорының жұмысына түбегейлі қарсымын.
Оны тезірек тарқатып, бәсекелі ортаға беру керек деп есептеймін. Сіздердің бұл мәселеге қатысты көзқарастарыңыз қандай?» – деп сұрады мәжілісмен Жоғары аудиторлық палатасының өкілінен.
Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов «Самұрық-Қазына» қорында шілде айына дейін толыққанды тексеріс жүргізілетінін айтты.
«Қазіргі жағдайды ескеріп, біз «Самұрық-Қазына» қорының қызметіне толық аудит жүргіземіз. Тексеріс жоспар бойынша шілде айында аяқталады. Сіздерге нақты әрі толық есеп ұсынып, өз ұсыныстарымызды береміз. Бізді де бұл мәселе қатты алаңдатып отыр», – деді Нұржанов.