Олигархтың сотқа жүгінуі біз үшін таңсық емес. Жарты әлемге жаман қылығымен танылған Патох Шодиев өзінің «Евразиялық қаржылық компаниясынан» (ЕФК) 1 миллион теңге моральдық шығын талап етуде. Айна-қатесі жоқ бір миллион теңге! Түскі асына миллион теңге төлейтін Патох ака осылайша өзінің құнын қатты түсіріп жіберді (қазақ үшін оның өзі көк тиынға да тұрмайтыны белгілі).
Ол ERG корпорациясын басқаруға келген Шухрат Ибарагимов бастаған жас менеджерлерді сотқа беріп, одан бір миллион теңге өтемақы талап етуі Шодиевтың қаншалықты пайдакүнем, күйкі адам екенін көрсетіп берді.
Биыл шілденің соңында ЕФК директорлар кеңесі акционерлердің жалпы жиналысын өткізу турасында шешім қабылдайды. Күн тәртібінде екі мәселе қаралған – біріншісі директорлар кеңесінің құрамын анықтау болса, екіншісі өткен жылдардағы дивидендтерді бөлу. Бірақ бұл жолы Шодиев күтпеген оқыс оқиға орын алды. Кеңес мүшелері компанияның директоры Инесса Кимді қызметінен босатып, акционерлерге дивидент төлеуді уақытша тоқтатқан. Осы екі шешім Шодиевке ұнамай, бірден сотқа жүгінуіне ықпал етті.
Шодиев ЕФК-ның ірі үлескері, яғни, компаниядағы үшінші бөлік акцияға иелік етеді. Оның үстіне, директорлар кеңесінің құрамында оның туған қызы Муниса Шодиева да бар. Ол мұндай мәселені ың-шыңсыз келісім арқылы шешудің орнына сотқа жүгініп, абройынан айырылды.
Компанияның тізгін-шылбырын жастарға сеніп тапсырғаннан кейін артынша, көрінген іске тұмсығын тығып, шу шығару орынсыз. Бүгінде ERG корпорациясын басқарып отырған Шухарат Ибаргимов түскен пайданы кәсіпорынға салып, жұмысшылардың айлығын көтеруге бағыттау турасында ұсыныс айтқан. Оның ойын кеңес мүшелерінің басым бөлігі бір ауыздан құп алған.
Бірақ бар ақшаны қақшып алып, қалтаға басуды білетін Шодиев бұған қалай көнсін? Міне, содан бері ол соттың табылдырығын тоздырып, жастардан көрген зәбір-жапасы үшін бір миллион теңге өндіріп алуға бел буып, білек сыбана кіріскендей…
Айтпақшы, жаңа команданы сотқа берген Шодиев соттың жұрт көзінен таса, жабық жағдайда өтуін де талап етіпті. Егер оның қойып отырған талабында қымсынатындай дүние болмаса, сотты жабық жағдайда өткізетіндей басына не күн туды?
Қалай десекте, Шодиевтің жұрт көзінен тасалайтын дүниесі көп екенін білеміз. Сондықтан ол ашық соттан өлердей қорқады. Енді ол жабық сот өткізіп, жастардың тағы да аяғынан шалуды көздеп отыр.