Өскемен қаласында қызметтік лауазымы жоғары прокурордың мас күйінде көлік айдап, жол-көлік оқиғасына түскені жайлы ақпарат тарауда. Оқиға 27 қыркүйек түнінде болған. Hyundai Accent автокөлігін басқарған прокурор жарық шамын соғып, полициядан қашуға әрекеттенген. Кейін жүргізілген медициналық сараптама оның қан құрамынан алкогольді ішімдікпен бірге марихуана іздерін де анықтады. Бұл жағдай қоғамның құқық қорғау қызметкерлеріне деген шайқалтты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Оқиға жайлы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған соң прокуратура облыс деңгейінде қызметтік тексеріс бастаған. Ал бейресми мәліметке қарағанда, оқиғаға қатысы бар прокурор жұмыстан босатылған.
Бұл – елдегі заң үстемдігіне жауап беретін орган қызметкерлерінің атына дақ түсірген кезекті жанжал. Бұған дейін де Шығыс Қазақстанда прокурорлық қызметте түрлі келеңсіздіктер болған еді.
Мәселен, жақында ғана Өскеменнің бас прокуроры Тимур Шақпантаев қарамағындағыларды соққыға жықты деген күдікпен қызметінен шеттетілген-ді.
Мұндай фактілер қоғамда «құқық қорғау жүйесі өзі заңды бұзып отыр ма?» деген ауыр сауал тудырады. Әдетте прокуратура – елдегі заңдылықтың сақталуын қадағалайтын басты орган.
Ал егер осындай құрылымда істейтін адамдардың өзі тәртіпті елемесе, қарапайым халықтың заңға деген сенімі қайда қалады? Мұндай оқиғалар құқықтық мәдениетке де, мемлекеттік институттардың беделіне де үлкен соққы.