Шығыс Қазақстанда ұлтаралық татулық туралы сөз болғанда алдымен Достық үйі еске түседі. Бұл шаңырақта түрлі этнос өкілдері, жастар мен еріктілер бір ортаға жиналып, күнделікті өмірде келісім мен түсіністікті нығайтуға күш салатынын білеміз. Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының ШҚО бойынша белсенді мүшесі Равиль Юнусовпен Ertenmedia.kz тілшілерінің сұхбаттасқан еді. Спикер сұхбат барысында өңірдегі ұлтаралық келісім қарапайым қарым-қатынастан басталатынын жіліктеп түсіндіріп берді.
– Равиль мырза, ең алдымен Шығыс Қазақстан облысындағы ҚХА Кеңесі өңірдегі ұлтаралық келісімді дамытуға қалай үлес қосып отырғанын бастасақ?
– ШҚО-дағы ұлтаралық келісімнің қазіргі жағдайын айтсақ, Достық үйінің, этноауылдың, ғылыми-сараптамалық топтың, жастар құрылымдарының жұмысына баға беруден бастаған жөн деп санаймын. Өйткені Өскемендегі Достық үйі еліміздегі алғашқы модель болғандықтан, одан кейін ашылған орталықтарға да үлгі болуы маңызды. «Достық үйі» әр құрылымның нақты жобасын, жоспарланған ісін бақылап, ұлтаралық келісімді дамытудағы жұмысты қай жерде күшейту керек екенін ұдайы талқылап отырады.
Достық үйі дегенде жұрт көбіне бір ғимаратты елестетеді, ал шын мәнінде бұл жер қоғамдағы диалогтың алаңы деп есептеймін. Мұнда этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары, еріктілер, ғылыми-сараптамалық топ, медиаторлар бір жерде жұмыс істейді.
Бір жерде концерт, екінші жерде тренинг, үшінші бөлмеде ғылыми талқылау жүреді. Бәрінің бір ғимаратта шоғырлануы өзара сенімді күшейтеді. Адамдар бір-бірін жиі көрген сайын, бір үстел басында отырып сөйлескен сайын түсіністік артатыны анық. Тұрғындар да әр ұлт өкілін сахнадан ғана емес, залдан, ортақ жобадан көреді. Ұлтаралық келісім осындай қарапайым күнделікті қарым-қатынастан басталады.
– ШҚО-да ҚХА-ның еріктілер қозғалысы ұлтаралық келісім бағытында қандай нақты бастамаларды жүргізіп келеді?
– Жастарды тек концертке шақырумен шектелмейміз. Еріктілер қозғалысы негізінен үш бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – әлеуметтік еріктілік. Жалғызбасты қарттарға көмектесу, шағын жөндеу, аула тазалау, медицина мекемелерімен бірлескен акциялар.
Екіншісі – білім беру және мәдени бағыт. Этно-квиз, «Этно Гейм» сияқты ойындар, тіл үйрену клубтары, түрлі халықтың өнерін таныстыратын шағын фестивальдер.
Үшіншісі – медиа және контент. Жастар өздері әлеуметтік желідегі парақшаларды жүргізеді, қысқа видеолар, подкаст, репортаждар жасайды. Осы жұмыстардың барлығында бір мақсат бар «біз бөлек емеспіз, бір аймақтың жұртымыз» деген түсінікті жастардың санасына сіңіру.
– Сіз атап өткен «Этно Гейм», Үлкен Ассамблея Студенттік Ойындары сияқты жобалар ұлтаралық келісімді жастар тілімен жеткізуге қаншалықты көмектесіп жатыр деп ойлайсыз?
– Жастарға құр лекциямен, ресми баяндама арқылы әсер ету қиын. Сол үшін ойын элементтерін, жарыс форматтарын қолданамыз. Үлкен Ассамблея Студенттік Ойындарында тек спорт емес, интеллектуалды сайыс, этно-квиз, «Этно Гейм» сияқты форматтар қатар жүреді.
Мысалы, «Этно Геймде» қатысушылар түрлі этностың салт-дәстүрін, музыкасын, киімін, тағамын ойын арқылы таниды. Топтық жұмыс, уақыт шектеуі, бәсекелестік бар. Соның арқасында ақпарат жақсы есте қалады. Жастар үшін бұл қызықты ойын, ал біз үшін ұлтаралық келісімді үндейтін маңызды құрал. Кез келген ұлттың мәдениетін таныған адам оны жат көрмей, құрметпен қарай бастайды.
– Этноауыл мен Жас ғалымдар клубының жұмысын да ерекше атап өттіңіздер, осы екі құрылымның өңірдегі имиджін қалай көтеріп жатырсыздар?
– Этноауыл біздің өңірдің визит картасына айналған нысандардың бірі. Ашық аспан астындағы музей болғандықтан, оған туристтер көп келіп, жергілікті тұрғын да жиі барады. Онда киіз үйлер, түрлі этностардың үй-жайы, қолөнер бұйымдары, ұлттық ойындар көрсетіледі.
Адамдар тарихты қолымен ұстап көргендей әсер алады. Бұл да өзара құрметті күшейтеді.
Жас ғалымдар клубы болса, ғылыми орта мен жастарды тоғыстырады. Онда этносаралық қатынастар, тарих, тіл, аймақтық даму туралы зерттеулер талқыланады. Жастар өз жобаларын ұсынып, тәжірибелі сарапшылардан пікір алады. Осы екі алаң да ШҚО-ны тек өндірістік аймақ емес, мәдениеті бай, ойы озық өңір ретінде көрсетеді.
– Сөз соңында өңірдегі ұлтаралық келісімнің жалпы деңгейіне қандай баға берер едіңіз?
– Баға беруді көбіне сырттағы сарапшыларға қалдырған дұрыс шығар. Бірақ өз тәжірибеме сүйеніп айтсам, өңірдегі ахуал тұрақты. Ауыр қақтығыс, үлкен жанжал болған емес. Алайда біз ештеңе істемей-ақ осылай болады деген ой тудырмауы керек.
Күнделікті түсіндіру, тыңдау, дау-шарлардың ұдай алдын алып отырамыз. Бұл осы жұмыстардың нәтижесі деп білемін. Біздің барлық бастамамыз Президенттің тапсырмаларымен үндес болғаннан кейін жұмысымыз нәтижелі болып жатыр деп ойлаймын. Яғни патриоттық тәрбие, қоғамдық келісім, әділдік, әлеуметтік жауапкершілік бәрі бірге жүруі керек.
Сұхбаттасқан Қуаныш СМАҒҰЛ

