Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте қала экономикасының 10 айдағы қорытындысын жариялады. Ресми мәлімет бойынша, биылғы жылдың қаңтар-қазан айлары арасында Шымкент экономикасының жалпы өсімі 14,8 пайызға жеткен. Осы көрсеткіш мегаполисті республика бойынша алдыңғы қатарға шығарды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Шымкент қаласындағы экономикалық өсу тек бір сектор есебінен емес, бірнеше бағыттың бірге жұмыс істеуінің нәтижесінде мүмкін болғанын әкім жіліктеп түсіндіріп берді. Қала басшысының айтуынша, жоғары көрсеткішті қалыптастыруға сауда, байланыс, өнеркәсіп, құрылыс, инвестиция бәрі оң әсерін тигізген.
Соңғы уақыттары қаланың ішкі нарығы жанданып, тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігі артқан.
– Экономикадағы өсім қала тұрғындарының белсенділігі мен кәсіпкерліктің динамикасымен тікелей байланысты. Сауда көлемінің 24,6%-ға, өнеркәсіптің 14,7%-ға артуы, сондай-ақ құрылыс жұмыстары мен инвестициялардың тұрақты өсуі Шымкенттің ішкі нарығының әлеуетін көрсетеді. Біздің басты мақсатымыз – осы қарқынның баяуламауын қамтамасыз ету, – деді Ғабит Сыздықбеков. Яғни, сауда көлемінің 24,6 пайызға, өнеркәсіп өнімінің 14,7 пайызға ұлғаюы мегаполистің ішкі сұранысы да, өндірістік мүмкіндігі де өсіп келе жатқанын көрсететін белгі.
Құрылыстағы жағдай да осы үрдісті толықтыра түскен. Соңғы 10 айда қалада 982 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл мыңдаған отбасының жаңа пәтерге көшкенін, құрылыс компаниялары мен онымен байланысты шағын бизнеске де жұмыс көбейгенін білдіреді.
Инвестициялық жобалар да жалғасып жатыр, нақты сомасы бөлек есепте көрсетілгенімен, әкім олардың экономикалық өсімге қосып отырған үлесін ерекше атады.
Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің басты күші қаланың халқы екенін де ерекше атап өтті. ««Шымкенттің басты байлығы еңбекқор және бірлігі жарасқан тұрғындары», – деп қысқа қайырды әкім. Яғни, әкімнің ойынша, инфрақұрылым, өндіріс, жаңа жобалар – бәрі бар, бірақ сол жүйені алға жылжытатын да, қызмет көрсететін де қала тұрғындары. Сондықтан да еңбекке қабілетті, белсенді халықты ұстап қалу және қолдау маңызды деп түсіндірді.
Әкім өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмаларына да сілтеме жасады.
– Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес біз экономикалық өсімге, адам капиталын дамытуға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал ететін өндірістер ашу арқылы инвестиция тарту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деді ол. Бұл жерде басты бағыт инвесторға түсінікті, тұрғынға қолайлы орта қалыптастыру. Жаңа өндіріс орындары ашылса, бір жағынан экономика өседі, екінші жағынан тұрақты жұмыс орындары көбейеді, соның есебінен адам капиталы да дамиды деген логика бар.
Соңғы жылдары Шымкент халқының саны ішкі көші-қон есебінен тез өсіп келеді. Ауылдан қалаға, басқа өңірден Шымкентке қоныс аударғандар аз емес. Бұл бір жағынан еңбек нарығын кеңейтіп, тұтыну деңгейін арттыратын құбылыс. Екінші жағынан – инфрақұрылымға, тұрғын үйге, әлеуметтік нысандарға түсетін жүктемені көбейтеді. Сондықтан жарияланған 14,8 пайыздық өсімнің артында қарапайым сандар ғана емес, халық санының артуы, жаңа жұмыс күшінің келуі, кәсіпкерлік белсенділіктің өсуі тұр.
Қысқаша айтқанда, Шымкент қазір елдің үшінші мегаполисі ретінде ішкі нарығын күшейтіп, сауда мен өндірістің тепе-теңдігін сақтауға тырысуда. 10 айда тіркелген 14,8 пайыздық өсім бір жылдық толық нәтиже емес, бірақ қаланың қай бағытта келе жатқанын көрсететін аралық белгі. Ендігі міндет әкімнің өзі айтқандай, осы қарқынды тоқтатпай, өсімді тұрақты үрдіске айналдыру.

