Шымкентте өткен IX Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстелде (KGIR-2026) жалпы құны 4,8 миллиард АҚШ долларын құрайтын 22 маңызды құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Тұрақтылықтан өсуге: Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі» тақырыбымен ұйымдастырылған халықаралық жиынға әлемнің 40-тан астам елінен 500-ден астам шетелдік инвестор мен ірі бизнес өкілдері қатысты. Іс-шараға премьер-министр Олжас Бектенов қатысып, шетелдік серіктестермен бірлесіп өңдеу өнеркәсібі, энергетика және агроөнеркәсіп салаларында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалардың барысымен танысты.
Пленарлық отырысты ашқан премьер-министр Бектенов еліміздегі экономикалық тұрақтылық пен шетелдік инвесторларға жасалған жағдайларға тоқталды.
«Біз халықаралық бизнес қауымдастығымен тікелей диалог орнатуға ерекше мән береміз. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жарты триллион долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартты. Тек соңғы бес жылдың өзінде 100 миллиард доллардан астам қаржы тартылды. Біз үшін озық технологияларды енгізу, жаңа өндірістер ашу және шикізатты терең өңдеу арқылы экономиканы сапалы жаңғырту шешуші мәнге ие», – деді үкімет басшысы.
Екі ірі жоба: инклюзивті мектептер мен Құрық порты
Форум барысында қол қойылған құжаттардың ішінде құны 1 миллиард доллардан асатын екі ірі жоба ерекше назар аудартты. Білім беру саласында Оқу-ағарту министрлігі мен «DSKZ & KAMC» серіктестігі еліміздің өңірлерінде 20 инклюзивті мектеп желісін салу туралы меморандумға қол қойды. Жобаның жалпы құны 1 миллиард долларды құрайды.
Дәл осындай 1 миллиард долларлық екінші келісім көлік логистикасына бағытталған. «Бәйтерек» ұлттық холдингі мен Қытайдың Guoyou Materials Group компаниясы Құрық портын дамытудың бірінші кезеңі аясында көпфункционалды теңіз терминалын салу туралы құжат бекітті. Бұл нысан еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, сауда бағыттарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Энергетика, инфрақұрылым және өнеркәсіп салалары
Энергетика саласында Энергетика министрлігі мен «Turan Wind Energy» компаниясы Қостанай облысында құны 730 миллион доллар тұратын жобаны қолға алды. Мұнда қуаты 1 000 МВт болатын, энергия жинақтау жүйесімен жабдықталған ірі жел электр стансасы бой көтереді.
Көлік министрлігі мен «Freedom Lab» компаниясы Қазақстанның тас жолдарында интеллектуалды бақылау жүйесін енгізу үшін 249,6 миллион долларлық инвестициялық келісім жасасты. Өнеркәсіп саласында Ақтөбеде құны 150 миллион долларлық шыны ыдыс зауытын салу жоспарланды.
Денсаулық сақтау секторында Kazakh Invest ұлттық компаниясы мен Shoval Kazakhstan Ltd арасында құны 650 миллион доллар болатын «Қазақстанның халықаралық медициналық қалашығы» жобасын салу туралы меморандум жасалды. Сандық инфрақұрылымды дамыту аясында қуаты 250 МВт болатын деректер орталығын құруға 500 миллион доллар жұмсалмақ.
«Инвесторлар құқығын қорғау тетіктері Бас прокуратура деңгейінде жұмыс істейді, ал Үкімет жанындағы кеңес жалпы құны 171 миллиард доллар болатын 331 жобаның мәселесін шешуге ықпал етті».
Инвестициялық ахуал және сервистік қолдау
Премьер-министр жыл соңына дейін инвесторларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін Kazakhstan Investment House орталығы іске қосылатынын мәлімдеді. Аталған орталықта 20-дан астам ұйымнан экспорттық әрі өнеркәсіптік қолдаудың 100-ден астам түрі ұсынылады. Сондай-ақ елде шетелдік серіктестер үшін Altyn Visa арнайы жеңілдетілген визалық режимі қарастырылған.
Халықаралық аренада еліміздің инвестициялық деңгейі расталып отыр. S&P халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз рейтингін «BBB» деңгейіне дейін көтерді. Бұдан бөлек, республика Global Investment Risk and Resilience Index рейтингінде 17 сатыға көтеріліп, 53-орынға тұрақтады.
Форум шеңберінде сондай-ақ 111,1 миллион долларлық ет кластері, Астанада британдық білім беру үлгісімен салынатын кампус пен жатақхана (40,8 миллион доллар) және Шымкентте пластмассаны қайта өңдейтін жаңа өндіріс орны (74,3 миллион доллар) бой көтеретіні нақтыланды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







