Бишімбаев ісінде Нүкеновтердің қорғаушысы болған адвокат Марат Әйтенов пен Дана Әтешованың төңірегіндегі оқиғаға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дамир Ишмаметовтің айтуынша, бұл оқиғада полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты да жан-жақты тексеру жүргізілмек.
«Қазір Марат Әйтенов әкімшілік кодекстің 73-бабының 1-бөлігіне сәйкес уақытша ұстау изоляторында отыр. Бұған қоса, оның үстінен қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 1-бөлігі бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру дерегімен іс қозғалды. Бірақ біз істің осы деңгеймен шектеліп қалмағанын қалаймыз.
Өйткені Марат Әйтеновке қатысты іс материалында полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекетін де тексеруді талап ететін жайттар көп. Ең таңғалдыратыны Дана Әтешованы соққыға жығып жатқанда, бірқатар полицейлердің ешқандай әрекет етпей, жай бақылап тұрғаны.
Зардап шегуші полициядан көмек сұрап, араша түсуін өтінгенде, қызметкерлер жеке сот орындаушыларын қорғауға келгендерін айтқан. Тіпті бір инспектор баланы көтеріп, сыртқа алып шығып, жеке сот орындаушыларына ашықтан-ашық көмектескен.
Қазір полиция қызметкерлеріне қатысты ішкі тексеріс басталды. Біз қылмыстық іс қозғағанша, осы әрекетке қатысы бар полицейлер өз еркімен ішкі істер органдарынан кетеді деп сенеміз», – деді адвокат.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттің бұрынғы әкімінің ағасы Марат Әйтенов әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі бойынша бес тәулікке қамауға алынған еді. Әкімшілік істі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қараған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

