Қазақстанда спортшылар, жаттықтырушылар және төрешілер үшін жарыстағы және қоғамдық орындағы жүріс-тұрысына қатысты жаңа этика ережесі бекітілді. Құжатқа Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, кәсіби спортшыларға, жаттықтырушыларға және жарысқа қатысатын тұлғаларға дөрекі сөз қолдануға, жаттығу үдерісі туралы ішкі ақпаратты жариялауға, қоғамдық орындарда ішімдік немесе есірткі тұтынған күйде болуға, сондай-ақ біреуге қоқан-лоқы көрсетуге қатаң тыйым салынады.
Бұған қоса, Қазақстанның имиджіне нұқсан келтіретін әрекеттерге де жол берілмейді.
Ережеде спорттық ортада діни көзқарастарды ашық жариялауға, басқаларды діни бірлестіктерге тартуға немесе миссионерлік әрекеттер жүргізуге тыйым салынған.
Спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілер мемлекеттік туға, елтаңба мен әнұранға құрмет көрсетуі міндетті. Оларға саяси астары бар ишараттарды жасауға және жарыс төрешілерімен дауласуға да болмайды.
Сонымен қатар, спортшылар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен қарым-қатынаста сыпайылық танытып, жастарға үлгі боларлықтай мінез-құлық көрсетуі тиіс. Марапаттау рәсіміне және медиа-іс-шараларға қатысатын кезде спортшылар міндетті түрде ұлттық құраманың немесе клубтың арнайы формасын киіп жүруі керек.
Жаңартылған ереже Нормативтік-құқықтық актілердің ресми порталында жарияланып, 2020 жылы қабылданған бұрынғы этика кодексінің орнына қолданысқа енді.
Бұдан бұрын Туризм және спорт министрлігі Қазақстанда шетелдік спортшылардың азаматтық алуына шектеу қойылатынын мәлімдеген болатын.
Вице-министр Серік Жараспаевтың айтуынша, азаматтық алуға тек елеулі жетістіктерге жеткен шетелдік спортшылар ғана ұсыныла алады, олардың әрбір өтініші мұқият тексерістен өтеді.