Қазақстандағы үш жоғары оқу орнының студенттері қылмыстық және есірткі құқықбұзушылықтары үшін жазасын өтеп жатқан сотталғандармен бейнебайланыс арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл қадамды жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және Конституция құндылықтарын дәріптеу бағытындағы тәрбиелік жұмыс деп сипаттады. Телекөпірлер М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Астана халықаралық университеті мен түзеу мекемелері арасында ұйымдастырылған.
Құқықбұзушылықтың алдын алу және түзеу телекөпірлері
Аталған мәлімет министрліктің депутаттық сауалға берген ресми жауабында көрсетілген. Құжатта телекөпірлер «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберіндегі құқықбұзушылықтардың профилактикасына жатқызылған. Дегенмен жиындардың нақты қанша рет өткені, мерзімі мен қандай нәтиже бергені жөнінде нақты деректер ашып көрсетілмеген.
2026 жылдың басынан бері облыстық және қалалық прокуратура өкілдерімен бірлесіп, еліміздің жоғары оқу орындарында 2 мыңнан астам шара өткізіліп, оған 550 мыңнан аса студент қамтылды.
Сонымен қатар студенттер ортасында интернет-алаяқтыққа, құмар ойындарға (лудомания), буллинг пен кибербуллингке қарсы түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Конституциялық құндылықтар мен жаңа бағдарламалар
Министрлік жастар тәрбиесіне қатысты әдістемелік базаны да жаңартқан. Атап айтқанда, Конституция қағидаттары мен Абайдың «Толық адам» іліміне негізделген әлеуметтендіру бойынша жаңа ұсынымдар әзірленді. Қазіргі уақытта жаңа Конституция нормаларына арналған ғылыми түсініктеме жобасы дайындалып жатыр, оны 2026 жылғы 30 қарашаға дейін аяқтау жоспарланған.
Бұған қоса, биыл тамыз айында студенттердің құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға, құқықбұзушылықтың алдын алуға және патриоттық тәрбие беруге арналған кешенді бағдарлама бекітілді.
«Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бастамалары
Университеттерде «Адал азамат» қағидаты бойынша тұрақты түрде ашық дәрістер, диалог алаңдары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кездесулер ұйымдастырылуда. Мысалы, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Адал азамат» қағидаты – әділетті қоғам негізі» атты диалог алаңы өткізілген.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында еліміздің 120 жоғары оқу орнында эко-клубтар жұмыс істейді. 2026 жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 30 мың студентті тарту көзделген.
Осылайша, құзырлы ведомство жастарға құқықтық тәрбие беруде аудиториялық дәрістермен ғана шектелмей, түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен телекөпір ұйымдастыру сияқты ерекше тәсілдерді де қолданып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







