Германияның бірнеше ірі қаласында тұрмыс құнының шарықтауы мен білімге бөлінетін қаржының азаюына қарсы басталған жастар наразылығы кеш бата жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Қақтығыстар кезінде полиция су атқыштарды қолданып, ондаған адам қамауға алынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Франкфурт пен Берлиндегі қақтығыстар
Шерулер әсіресе Франкфурт, Берлин және Кёльн қалаларында шиеленісті. Франкфурт орталығында маска таққан топтар дүкендердің терезелерін шағып, тауарларды тонады. Тіпті қару-жарақ сататын дүкенге шабуыл жасалып, ұсталған бір күдіктіден екі тапанша тәркіленді. Тәртіп сақшыларына қарата «Молотов коктейльдері» мен отшашулар атылғаннан кейін арнайы жасақ су атқыштарды іске қосты.
Берлиндегі күндізгі шерулер бейбіт өткенімен, қараңғы түсе жағдай ушығып, шерушілер полицияға бөтелкелер лақтырды. Салдарынан 27 тәртіп сақшысы жарақат алып, 60-тан астам адам тұтқындалды. Франкфуртте кемінде 30 наразылық білдіруші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Гессен жерінің ішкі істер министрі Роман Позек Франкфурттегі бүлікті қатаң сынап, Франциядағыдай жаппай қиратуға жол берілмейтінін мәлімдеді.
«Франкфурттегі бейбіт жиынның осылай аяқталуы – масқара жағдай. Біз Франциядағы өртенген үйлер мен қираған көліктерді жақсы білеміз. Ондай тәртіпсіздіктің Германияда қайталануына жол бермейміз», – деді Роман Позек.
Жастардың талабы: тұрмыс құны, білім және әскер
Ауқымды шеруді ұйымдастырған – «Gen Z regelt» («Z ұрпағы шешеді») қозғалысы. Белсенділер елдің 34 қаласында көшеге шығып, инфляцияны тоқтатуды, мектептер мен университеттерді қаржыландыруды көбейтуді және міндетті әскери борышты қайта енгізу жоспарынан бас тартуды талап етті.
Қозғалыс өкілі Лина Фридрих ресми биліктен жастардың үніне құлақ асуды сұрады.
«Біз соғыс пен мәжбүрлеу үшін емес, бейбітшілік пен еркіндік үшін күресуге шықтық. Бізге денсаулық сақтау мен білім беру саласын қолдау және міндетті әскери қызметтен бас тарту өте маңызды», – деді қозғалыс өкілі Лина Фридрих.
Ұйымдастырушылар шерудің ресми бөлігі аяқталғаннан кейін орын алған тонау мен қирату әрекеттеріне қозғалыстың еш қатысы жоқ екенін атап өтті.
Билік радикалдарды айыптады
Германияның ішкі істер министрі Александр Добринт жастардың бейбіт жиынын солшыл радикалды топтар мен провокаторлар өз мүддесіне пайдаланып кетті деп есептейді. Ресми билік өкілдерінің хабарлауынша, Франкфурттегі шеруге 100-ге жуық радикал әдейі қосылып, жағдайды қасақана ушықтырған.
Еуропа елдерін шарпыған жастар наразылығы Германиямен шектелмейді. Осы демалыста Францияда да жүз мыңдаған адам көшеге шығып, Португалия мен Польшада тұрғын үй дағдарысына байланысты митингілер өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







