Мұнай-газ секторы бойынша белгілі сарапшы Олжас Байдилдинов өзінің Телегарам арнасында 1991 жылдан 2025 жылдың тамызына дейін Қазақстанда өндірілген мұнайдың құны 1 триллион долларға жеткенін сүйіншілеп жазды. Автор осыған дейін Қазақстандағы мұнай өндірісінің жиынтық көлемі 1 триллион долларға жеткенде осы тақырыпқа арнап материал жазуға уәде берген еді. Сарапшы сол уәдесін бүгін орындады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
– Мен бұған дейін мұнай бағасын есептеудің әдістемесін түсіндіргенмін, жыл сайынғы өндірілген мұнай көлемін сол кезеңдегі Brent маркалы мұнайдың орташа бағасына көбейту арқылы есептеп шықтым. Әрине, бұл сомаға шартты түрде қарау керек. Өйткені біздің мұнай әлемдік бағадан жеңілдікпен сатылады, халықаралық нарыққа жеткізу шығыны да бар (барреліне 10-15 доллар), бұған қоса өндірілген мұнайдың бір бөлігі ішкі нарыққа әлемдік бағадан 3-4 есе төмен бағамен жіберіледі (қазіргі таңда барреліне 20-25 доллар деңгейінде, жанармай бағасын субсидиялау және әлемдегі ең арзан жанармай бағасын сақтау үшін), – дейді Олжас Байдилдинов.
1 триллион долларлық мұнай өндіргеніміз жақсы. Құлаққа да жағымды естілетіні анық. Бірақ осы уақыт аралығында еліміз байып, халықтың қалтасы қалыңдағанын көргеніміз жоқ. Мұнай – бізді байлыққа жеткізудің орнына, үмітке байлаған ертегіге айналғаны ащыда болса шындық.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндірген мұнаймыздың құны 971 млрд долларға жеткен еді. Ал 2025 жылдың 8 айында ресми көрсеткіш әлі жарияланбады, бірақ алғашқы жартыжылдықтағы 49,9 млн тоннаны ескерсек, 8 айдың қорытындысында шамамен 66 млн тонна болуы мүмкін. Қаңтар-тамыз аралығындағы орташа айлық баға – 71,8 доллар, демек 1991-2024 жылдардағы деректерге тағы 34,6 млрд доллар қосылады, – деп Олжас Байдилдинов өзінің есеп-қисабын жұртшылықтың назарына ұсынды.
– Бұл – біз бүкіл мұнайдың иесі болып, табыстың толық көлемін пайдалана алғанда, қиялдағыдай арманымын орындалар еді. Өкінішке қарай, біз соның небәрі 30 пайызын ғана иеленеміз, – деп Олжекеңде мұнай сатып опа таппағанымызды айтып қалыпты.
24 жыл ішінде мұнайдан түскен табыс триллион долларға жетті. Бірақ біздер осы бір айтулы датаны бензиннің қымбаттауы, әр көктем сайын қайталанатын ереуілдер мен еліміздің мұнай өңдеу зауыттарына шикізат жетпей қалатын жайттармен қарсы алып отырғанымыз. Рас, Қазақстан мұнай экспортында әлемдік элитаға қосылды, бірақ бензин экспортында Өзбекстаннан ұтылып отыр.
Ал мұнай-химия саласы жайлы айтудың өзі ұят. Кеңес дәуірінен қалған ескі зауыттарды жамап-жасқап, күн кешудеміз. Мұнайдан түскен триллион доллардың бір бөлігі мұнай-химиясына жұмсалғанда, бәлкім, бүгінде экспортқа дайын өнім шығарып, көрші елдерге бензин сатып отырар ма едік. Кім білсін?
Бірақ біз әлі күнге дейін шикі мұнайды Ресей құбырларымен тасымалдап, көршінің көңіліне отырмыз. Бұл тәуелділіктен құтылуға талай рет уәде берілді. Бірақ нәтиже жоқ. Ресей құбыры бітесе, бізде бюджет тұншығады.
Ал мұнайдан түскен пайданың қызығын ат төбеліндей топтың көретінін айтпай кетсек, әділетсіздік болар еді. Қарапайым ауыл халқы мұнайдан тапқан табыстың триллион долларға жеткенін теледидардан естиді. Шынайы байлықтың қызығын санаулы адамдар көріп, жүздеген миллион долларлық виллалар, Лондондағы пәтерлерінде шалқып өмір сүруде.
Ең сорақысы кейде біз мұнайға бай ел бола тұра, мұнайсыз елдің күйін кешеміз. Әлемдік бағалар көтерілсе, халықтың қалтасы жұқарады. Бағалар түссе, бюджет дағдарысқа ұшырайды. Мұнай бізді дамуға жетелейтін күш емес, керісінше, тығырыққа тірейтін кеселге айналды.
Құны 1 триллион долларлық мұнай өндіргеніміз халық үшін жай ғана сан. Мұндай көрсеткіш біздің мұнай-газ саласындағы сәтсіздіктерімізді бүркемелей алмайды. Елімізде мұнай-химия саласы дамымай, Ресей құбырынан құтыла алмай, зауыттарға мұнай жеткізе алмай отырған елді мұнай державасы деп айтуға аузың бармайды.
Нұрлан ЖҰМАХАН