Қазақстанда отбасылық-кландық жүйе келмеске кетті. Президент Тоқаев мұғалімдердің дәстүрлі тамыз кеңесінде сөйлеген сөзінде осылай деп мәлімдеді хабарлайды Ertenmedia.
Президент «Жаңа Қазақстанның» іргесін қалайтын мұғалімдердің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, оларсыз әділетті мемлекет құру мүмкін емес екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын атап өтті.
«Елімізде отбасылық-кландық жүйенің дәуірі аяқталды.
Мемлекеттік қызметте енді меритократия принципі лайықты әрі қабілетті азаматтарды көтермелеу жүйесі бекіп жатыр. Лауазымды қызметке тағайындау кезінде ең алдымен маманның білімі мен кәсібилігі басты назарда болады.
Қазір еркін ойлы, бәсекеге қабілетті жаңа буын өсіп келеді. Біз сапалы әрі әділетті қоғамға өттік. Алайда өзгерістерді жай ғана жариялап қою жеткіліксіз. Оларды халықтың санасына сіңіріп, берік ұстанымға айналдыру керек. Ал бұл ең алдымен сіздердің жауапкершіліктеріңіздегі міндет», – деді президент.
Тоқаевтың айтуынша, педагогтар қоғам санасын жаңғыртып, әділетті, ашық және еркін ойлайтын азаматтарды тәрбиелеуі тиіс.
Президент сөзінде мұғалімдер мәртебесі мен әлеуметтік жағдайына ерекше мән берді. Соңғы төрт жылда Қазақстанда мұғалімдердің жалақысы екі есеге өскенін және 500 мыңнан астам педагог қосымша үстемақы алып отырғанын атап өтті.
Тоқаев қазіргі қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі мектептердегі буллинг екенін де тілге тиек етті.
«Буллинг мәселесін ешқашан назардан тыс қалдыруға болмайды. Биылдан бастап барлық мектепте балалар мен жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы бағдарлама енгізіледі», – деді ол.
Мемлекет басшысы мұғалімдерді негізсіз айыптап, әр оқыс жағдай үшін жазалай беруге қарсы шықты. Әсіресе, оқиға мектеп аумағынан тыс жерде орын алса, мұғалімді бірден кінәлауға болмайтынын ескертті. Бұл ретте ол ата-ананың да баласына жауапкершілігін күшейту керектігін айтып, «Педагог мәртебесі туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынды.
Сөзінің соңында әділетті мемлекет құру әрбір азаматтың парызы екенін тағы бір мәрте еске салды.