Әлем ғалымдары күтпеген жаңалық ашты. Тарақан сүті сиыр сүтінен төрт есе құнарлы болып шыққан, деп жазады Ertenmedia.kz.
Зерттеушілердің айтуынша, тарақанның сүті ақуызға, аминқышқылдарына және энергетикалық құнды заттарға өте бай. Сондықтан бұл өнім болашақ ұрпақ үшін маңызды азық көзіне айналуы мүмкін.
Әдетте, тарақандар сүт бермейді. Бірақ Diploptera punctata атты ерекше тарақан түрі тірі бала туып, оны сүтпен қоректендіретін әлемдегі жалғыз жәндік. Оның сүті ақуыз кристалдарынан тұрады.
Жәндіктің сүт өндіретіні ғажап құбылыс. Одан да таңғаларлығы ақуыз кристалдарының энергетикалық құндылығы. Бір ғана ақуыз кристалы буйвол сүтіне қарағанда үш еседен астам энергия береді екен.
Ғалымдар осы ақуызды кристалдардың пайда болуына жауапты гендерді анықтап, оларды зертханада жасанды түрде шығаруға талпынып жатыр. Себебі тарақанды сауу мүмкін емес.
Зерттеу тобының мүшесі Санчари Баннерджи: «Бұл кристалдар толыққанды азық тәрізді. Олардың құрамында ақуыздар, майлар мен қант бар. Ақуыздардың құрамын талдасақ, олардың барлық алмастырылмайтын аминқышқылдарын қамтығанын көреміз», – дейді.
Сүт калориялар мен қоректік заттардың аса маңызды көзі. Ал тарақан сүтіндегі ақуыздар ағзаға баяу әрі тиімді сіңеді екен. Зерттеу жетекшісі Субраманиан Рамасвамидің айтуынша, «тарақан сүті – баяу қорытылатын құнарлы тағам. Егер сізге ұзақ уақыт бойы күш-қуат беретін, ақуызға бай азық қажет болса, дәл осы өнімді тұтынған дұрыс».
Ғалымдар бұл ақуыз көзін кеңінен пайдалануға талпынып отыр. Дегенмен, мұндай өнім салмақ тастаймын деушілерге қолайлы емес. Әсіресе, калориясы шамадан тыс батыс елдері үшін де қажетсіз болуы мүмкін. Бірақ бұл – тез әрі оңай дайындалатын, құнарлы тағам іздегендерге таптырмас өнім.
Айта кетерлігі, тарақаннан құтылудың пайдасы көп. Тіпті үйдегі ауаның сапасын да жақсарта алады.
Зерттеушілер бұл ақуызды көп мөлшерде өндіруге мүмкіндік беретін тиімді тәсілді әзірлеп жатыр. Олардың мақсаты – тарақан ішегінен ақуызды кристалды алудың қолайлы әрі өнімді жолын табу. Осылайша болашақта тарақан сүті азық-түлік өнеркәсібінде құнды ақуыз қоспасына айналуы мүмкін.
Айтқандай, Кембридж университетінің ғалымдары жаңа зерттеу арқылы адамдардың жұптық өмір салтына адалдығы приматтардан жоғары, бірақ құндыздарға қарағанда төмен деген қызық қорытындыға келді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







