Саяси сахнадан біршама шеттеген Иманғали Тасмағамбетовтың төңірегіндегі түрлі күбір-сыбыр әлі күнге толастар емес. Бұл туралы белгілі журналист Бигелді Ғабдуллин жазды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Автордың пікірінше, Тасмағамбетовке қарсы ақпараттық науқанның түпкі себебі оның саяси беделі мен ел алдындағы тұлғасынан қорыққан бақталастарының қызғанышы мен үрейі. Оны билік үшін қауіпті қарсылас көретіндер кез-келген мүмкіндікті пайдаланып, беделіне көлеңке түсіруге тырысып жүр.
«Иманғалидың есім-сойын ел жадынан ешкім өшіре алған жоқ. Оның саяси сахнаға қайта оралуы кейбір жартыкеш саясаткерлерді үрейге бөлейді. Олар Тасмағамбетовты әлі күнге дейін көре алмайды», – дейді Ғабдуллин.
Журналисттің айтуынша, Тасмағамбетовке қарсы жиі қолданылатын аргументтің бірі Шаңырақ оқиғасы. Алайда автор бұған Иманғалиды кінәлауды орынсыз деп санайды.
«Шаңырақ оқиғасына Имекеңнің қандай қатысы бар? Үй-жайды сүруге бұйрық беретін әкім емес, одан жоғары тұрған органнан шығатыны белгілі. Алматы халқы жақсы біледі, Шаңырақтағы жерді оңды-солды үлестірген парақар шенеуніктер. Иманғали келіп, Авгийдің атқорасын тазалай бастағанда, осы схемадан пайда тапқандар оған қарсы арандату ұйымдастырды», – деп жазады журналист.
Әлиев vs Тасмағамбетов
Ғабдуллин экс-президенттің тұсында биліктің ұшар басында болған кез келген адамның үстінен компромат жиналатынын еске салды. Оның айтуынша, атышулы Рахат Әлиев Тасмағамбетовке қарсы компромат жинауда айрықша көзге түскен.
«Әлиев Иманғалидің атын естісе, кірпідей жиырыла қалатын. Ол Тастың жолын жабу үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Сенбесеңіз, Қаңтардан кейінгі полковник Мұхтар Қарабековтың сұхбатын шолып шығыңыз. Самат Әбіш пен Дариға Назарбаева одан Тасмағамбетовке қарсы жалған куәлік беруді талап еткен. Қарабеков төрт жыл бойы ҰҚК жертөлесінде отырса да, әлгі құжатқа қол қоймады. Мұндай мысал жетіп артылады», – деп жазады автор.
Айтуынша, Тасмағамбетов ҰҚШҰ-ның хатшысы болып тағайындалған кезде тағы бір компромат науқаны басталған. «Ивангали» деген жағымсыз атауды ойлап тауып, оның образын халыққа қарсы қойғысы келген. Алайда Тасмағамбетов миссиясын абыроймен тәмәмдап, елдің бірде-бір мүддесін табанға таптатпаған.
Ғабдуллин мақаласын былай түйіндейді…
«Оны тартпаға тастай салғысы келгендердің ойлағаны орындалмады. Тасмағамбетов қазір билік кабинетіне байланып қалмаған, ұлттық деңгейдегі саясаткер. Оны жоюға тырысқандар, керісінше халықтың алдындағы беделін асқақтатты. Қытайлар, мұнараның биіктігін көлеңкесінен, ал адамның ұлылығын оны көре алмайтындардың санынан білуге болады дейді. Сол рас».
Айта кетелік, бұған дейін Тасмағамбетов өзін «Кремль адамы» деп қаралаған қауымға жауап қатқан болатын. «Сатқын да емеспін, ресейшіл де емеспін» деген еді саясаткер.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







