Жемқорлықпен күрес жөніндегі халықаралық Transparency International ұйымының мүшесі Әсел Темірова ҰҚШҰ төрағасы Иманғали Тасмағамбетовке қатысты тосын мәліметпен бөлісті деп жазады Ertenmedia.
Сарапшының пікірінше, Назарбаев тақтан тайса да, оның сенімді серігі Тасмағамбетов пен оның жақын ортасы ел ішіндегі ықпалын жоғалтқан жоқ.
Билікте, соның ішінде Тоқаевтың төңірегінде, ҰҚК-де, Мәжілісте және медиада Иманғали Нұрғалиұлының сөзін сөйлейтіндер толып жүр.
Сарапшының мәлім еткеніндей Тасмағамбетов Ресейдегі аса ықпалды тұлғалармен, соның ішінде «Ростех» мемлекеттік корпорациясының басшысы, генерал Сергей Чемезовпен тығыз байланыста.
Корпорация құрамына АвтоВаз, Камаз, «Ресей тікұшағы» секілді ірі кәсіпорындар кіреді.
Темірованың айтуынша, Тасмағамбетов Ресейдің стратегиялық кәсіпорындарымен, атап айтқанда, «КАМАЗ»-дың директорлар кеңесінің мүшесі ретінде Ресей мүддесіне қызмет етуі ықтимал.
Сарапшы соңғы уақытта Тасмағамбетов пен Чемезов арасындағы байланыс күшейіп, іскерлік қарым-қатынас достық деңгейге ұласқанын айтады.
Оның пікірінше, бұл Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін фактор. Чемезов Ресей президенті Путиннің сенімді серігі, үзеңгілес досы. Екеуі КГБ-да бірге қызмет еткен.
2007 жылдан бері Ресейдің қорғаныс саласы, көлік құрылысы мен жоғары технологияларына жауап беретін мемкорпорацияны басқарып келеді.
Халықаралық OCCRP және Pandora Papers ұйымдарының зерттеуіне қарағанда, Чемезов әулеті жүздеген миллион долларлық байлыққа ие, көптеген офшорлық компанияларды бақылап отыр. Тасмағамбетов пен оның күйеубаласы Кеңес Рақышевтің бизнес-үлгісі де осы схемаға ұқсас екеніне назар аударады Темірова.
«Тасмағамбетовтың Чемезовпен тығыз байланысы Қазақстан элитасына, елдің қаржы институттарына, қорғаныс секторына, тіпті сыртқы саясатына Кремль тарапынан ықпал ету арнасы болуы мүмкін», – деп топшылайды сарапшы.
Темірова бұған бей-жай қарамай, арнайы органдар тарапынан тексеріс жасалу қажеттігін ескертеді. Оның сөзінше, лауазымды тұлғалардың ресейлік ықпалды топтармен отбасылық әрі іскерлік байланыста болуы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді.
«ТАС Чемезовтің ешбір өтінішін жерге тастамайды. Екеуі арасынан қыл өтпес дос. Отан мүддесі ешқандай жеке немесе достық қарым-қатынастың тасасында қалмауы керек. Тасмағамбетовтың Мәскеудегі байланыстарын мұқият зерттеп, шұғыл баға беруіміз қажет. Мұның соңы елді сатуға дейін апарып соғуы әбден мүмкін», – деп қорытындылады сарапшы.