Алматы билігі тендірде жеңіске жетіп, артынан міндетін орындамайтын жауапсыз мердігерлерді тәубесіне түсірмек, деп жазады Ertenmedia.
Кейінгі жылы мегаполистің табысы ұлғайып келеді. Былтыр қалалық бюджетке түскен қаржы көлемі 1,8 трлн теңгені құраған. Биылғы даму бюджетінің өзі 450 млрд теңгеден асып жығылған. Ақшаның дені маңызды инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуда
Құрылыс қарқыны да күшті. Емхана, балабақша, мектептер салынып, әлеуметтік нысандардың сейсмикасы күшейуде. Канализация, су құбырлары жөнделіп, көше мен жаяу жүргіншілер жолы жаңаруда. Қаланың шеткі аудандарына газ тартылып жатыр, жаңа саябақтың саны да артып келеді. Бірақ, бір нюанс бар…
Осыны жүзеге асыруға жауапты мердігердің арасында міндетіне салғырт қарайтындар көп. Козачков телеграм арнасының мәліметінше Дархан Сатыбалды әуелде мәселені диалог арқылы шешкісі келіп, мердігерлерді жинап, жұмысты тездетуді өтінген. Бұдан нәтиже шықпапты. Әкімнің ашықтығын әлсіздікке балаған мердігерлер тіптен құтырған екен.
Әлгілерден әбден запы болған әкімдік әзір сөзден іске көшіп, мердігерлерді сотқа сүйрей бастапты. Міндетін орындамаған компанияларды лицензиясынан айырып, тендірдің «қара тізіміне» енгізу туралы талап-арыз сотқа жолданған.
Қазірдің өзінде бірқатар компания лицензиясынан қағылып, тендірге қатысу құқығынан толық шеттетілген.
Айталық…
- Әбіш Кекілбайұлы көшесінде канализацияны жөндеу кезінде көптеген заң бұзуға жол берген «AsiaMax» ЖШС лицензиясынан айырылған.
- Қаланың төменгі бөлігіндегі бірнеше көшенің су құбырын реконструкциялау кезінде мем. құрылыс нормасын сақтамаған «CK Megaron» ЖШС де лицензиясынан қағылды.
- №112 мектептің қосымша құрылысын салуға және Әуезов ауданын абаттандыруға жауапты болған атышулы «СК 7 Строй» ЖШС бекітілген жобадан ауытқып, талапты орындамаған. Бұлар да лицензияға зар болып қалған.
- «Энерджи-Тараз» фирмасы иесіз қалған электр желілерін жөндеуге жарияланған конкурсты ұтып алғанымен, жұмысты талапқа сай атқармаған. Енді әлгі компания еліміздің ешбір аймағында тендірге қатыса алмайды.
Бізге жеткен мәлімет бойынша Сатыбалдының сабыры таусылған. Әкімдік қаланы жауапсыз мердігерден тазарту науқанын үдете түспек.
«Бюджеттен ондаған миллиард теңге алған мердігерлер құрылысты созып, оның үстіне сапасыз істеп жатыр. Жоспар бойынша нысанда кем дегенде 15 техника мен ондаған жұмысшы болуы тиіс болса, іс жүзінде екі-үш адам мен бір-екі ғана техника жүреді. Соның салдарынан айнала шаң-тозаңға көміліп, тұрғындар зардап шегуде. Бұл ма, бұл жауапкершіліктің жоқтығы», – деген еді осыған дейін қала әкімі.
Әкімнің айтуынша, тек бірнеше компанияның өзі 38 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын игерген. Мұндай ірі көлемдегі қаржы жұмсалғанда, қаланың нақты нәтиже талап етуге толық құқы бар. Толығырақ осы тұста.

