АҚШ санкциясынан кейін Қытайдың ірі-ірі мемлекеттік мұнай компаниялары Ресейден танкер арқылы тасымалданатын мұнай сатып алуды тоқтатты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Осы аптада Ақ үй «Роснефть» пен «Лукойлға» санкция енгізген болатын.
Reuters дерегінше содан кейін-ақ Қытайдың PetroChina, Sinopec, CNOOC және Zhenhua Oil компаниялары санкцияға ілігіп кетуден сақтанып, Ресейдің теңіз жолымен келетін мұнайын сатып алудан уақытша бас тартқан.
Жаңалық орыс мұнайын ең көп тұтынатын елдің бірі Үндістан да Путиннің Украинадағы агрессиясына байланысты АҚШ санкциясын қолдап, Мәскеуден мұнай импортын күрт қысқартуға ниеттенген тұста жарияланды.
Ресей мұнайының екі ірі нарықтан бір мезетте шеттеуі Мәскеудің мұнайдан табатын табысын ортайтып, ірі мұнай тасымалдаушыларды балама жолды іздеуге мәжбүр етпек. Бұл өз кезегінде «қара алтын» бағасының күрт өсуіне алып келеді деген болжам бар.
Қытай тәулігіне Ресейден шамамен 1,4 млн баррель мұнайды теңіз арқылы импорттайды. Оның басым бөлігін ұсақ, тәуелсіз зауыттар сатып алады. Ал мемлекеттік ірі компаниялардың сатып алу көлемі туралы дерек әртүрлі.
Vortexa Analytics есебінше, тәулігіне 250 мың баррель болса, Energy Aspects консалтингтік компаниясы бұл көрсеткішті тәулігіне 500 мың баррель деп бағалайды.
Санкцияға дейін ресейлік ESPO маркалы мұнай бағасы төмендей бастаған. Мәселен, қараша айында жеткізілуі тиіс мұнайдың баррелі Brent маркасына қатысты 1,7 доллар үстемеден 1 долларға дейін төмендеген еді.
Қытай Ресейден мұнайды теңіз жолымен ғана емес, тәулігіне 900 мың баррель көлемінде құбыр арқылы да сатып алады. Мұнайды PetroChina импорттайды, мамандардың айтуынша, құбыр арқылы келетін мұнай санкцияға ілікпеуі мүмкін.
Сауда-саттық саласының сарапшыларының айтуынша, Ресей мұнайын импорттаушы ірі елдер (Үндістан мен Қытай) енді мұнайды басқа нарықтан сатып алуға мәжбүр болады. Мұның салдарынан Таяу Шығыс, Африка және Латын Америкасынан келетін санкцияға ілікпеген мұнайдың бағасы өседі деген болжам жасалуда.
Айта кетсек, «Роснефть» пен «Лукойл» мұнайдың көп бөлігін Қытайға тікелей емес, делдалдар арқылы жеткізіп келген. Соңғы санкциядан кейін тәуелсіз қытайлық компаниялар жағдайды жан-жақты саралап, уақытша сауданы тоқтатуы мүмкін, бірақ түбегейлі бас тартпайды деген болжам бар.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Ақмалдың «жарық» көрмеген кеші: ресейлік әншіні көк-сары түстің киесі ұрды

