Әлеуметтік желіде «Атыраулық хакер» ретінде танылған күдікті Түркияның Самсун қаласында Интерпол қызметкерлерінің арнайы операциясы кезінде ұсталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Полиция департаментінің мәліметінше, Құрманғазы ауданының тұрғыны бірнеше алаяқтық іс бойынша күдікке ілініп отыр. Ол IT саласында білім беру, аккаунттарды бұғаттан шығару, қаражат шешу, техника сату және инвестиция сияқты түрлі сылтаулармен азаматтарды алдап, 13 миллион теңгеден астам қаржыны қолды еткен.
Қаңтар айында Атырау қаласының тергеу соты күдіктіге сырттай қамауға алу шарасын бекітіп, халықаралық іздеу жариялаған болатын.
«Ақпан айында күдікті Түркияның Самсун қаласында ұсталды. Қазіргі уақытта Қазақстанның Бас прокуратурасы оны экстрадициялау туралы сауал дайындап, тиісті органдарға жолдады», – деп хабарлады облыстық прокуратура.
Бұған дейін күдіктінің шетелде, соның ішінде Дубайда жүргені туралы ақпарат тараған еді.
Контекст
Күдікті әлеуметтік желі арқылы кеңінен танымал болған еді. Әсіресе, Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты оқиға кезінде өзін «Атыраулық хакер» ретінде таныстырып, деректерді өз бетімен зерттеп жүргенін айтқан. Ол Instagram желісінде түрлі геолокацияларды, телефон байланыстары мен басқа да ақпаратты жариялап, қоғамдық резонанс тудырған болатын.
Еске сала кетейік, отбасының жоғалғаны туралы полицияға туыстары екі айдан кейін ғана хабарлаған. Ресми іздеу шаралары 2025 жылдың 25 желтоқсанында басталып, 2026 жылдың 6 қаңтарында ерлі-зайыптылардың денесі Жангелдин ауылындағы өз қорасынан табылды.
Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы, марқұм отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиева халықаралық іздеуге берілді. 24 ақпан күні Сәрсемәлиев Индонезияда ұсталды, ал 25 ақпанда Ақбаян Мұқанғалиева да күдікті деп танылғаны хабарланды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







