Түркияның электр көліктерін шығаратын Togg компаниясы Мюнхенде өткен IAA Mobility 2025 көрмесінде жаңа T10F моделін жұрт назарына ұсынды.
Бүгінде аталмыш көлік модельі Түркияда саудалануда. Жаңа көлік заманауи дизайнмен ғана емес, қауіпсіздік деңгейімен де ерекшеленетінін айта кетуіміз керек. Бұл ретте өндіруші компания Euro NCAP бағдарламасының ең жоғарғы бағасы бес жұлдызын алғанын айтсақ жетіп жатыр.
Бүгінде жаңа көліктің бағасы да көпшіліктің талқысына түсіп үлгерді. Негізгі нұсқасы 1 млн 860 мың лирадан басталады (25 млн теңге). Ұзақ жолға арналған үлкейтілген аккумулятормен шыққан нұсқалардың құны 2,3 млн лираға (29 млн теңге) дейін барады. Көліктің техникалық сипаттамасын назар аударған адам Togg T10F өз бағасына сай екенін байқауға болады. 52,4 кВт/сағ қуаттағы аккумулятор 350 шақырымға жеткізсе, 88,5 кВт/сағ батареясы бар үлгі 623 шақырымға дейін жол жүре алады. Бұған қоса, жылдам қуаттау технологиясының арқасында небәрі 28 минутта 20%-дан 80%-ға дейін қуат толтыру мүмкіндігі бар. Бұл – жүргізушілер үшін уақыт үнемдеуге ыңғайлы.
Түркия үкіметі соңғы жылдары өнеркәсіп пен инновацияға көп көңіл бөліп, ұлттық көлікті дамытуды стратегиялық міндетке айналдырған. Togg осы саясаттың жемісі. Ал жаңа T10F модельінің технологиялық тұрғыда мәні жоғары. Көліктің ішкі жабдықталуы да қазіргі тұтынушының талабына сәйкес. Жеті қауіпсіздік жастығы, жол белгілерін танитын интеллектуалды жүйе, бейімделген круиз-бақылау, жолақтан шықпау функциясы – бәрі стандартты жинақта бар.
Кең салон, 505 литрлік багаж, әрі әрлеудің бес түрлі түсі көліктің сәнін арттыра түсуде. Urla мен Mardin атты жаңа түстерді шығаруы да компанияның маркетингтік шешімдерінің сәтті жүзеге асқанын байқауға болады.
Togg T10F – Түркияның жаңа дәуірдегі өнеркәсіптік бет-бейнесінің бір көрінісі. Оны тек темір мен аккумулятор деп қарау аздық етеді. Бұл – елдің инновацияға, технологияға және жаһандық нарыққа шығуға деген ұмтылысының айқын дәлелі. Қазірдің өзінде Германияда тапсырыс қабылдау басталмақ. Демек, түрік көлігі еуропалық нарыққа да нық қадам жасап отыр.