Исатай ауданында жылдар бойы тұралап қалған құрылыс пен апатты инфрақұрылым халықтың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп отыр. Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Аққыстаудағы проблемалы нысандарды аралап, әр жоба бойынша нақты шешім мен орындалу мерзімін белгілеуді тапсырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Аққыстаудан екі шақырым жердегі өрт сөндіру депосының құрылысы 2019 жылғы мамырда басталып, 2021 жылғы шілдеде аяқталуға тиіс болған. Алайда «Гамма-С» серіктестігі міндеттемесін орындамағандықтан, жұмыс үш жыл бойы тоқтап, ғимарат конструкциялары отырып, іргетасына жарық түскен. Қазір мердігерге қатысты сот жүріп жатыр, ал түзетілген жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберілген.
Оң қорытынды алынғаннан кейін жаңа мердігерді анықтау үшін конкурс қайта жарияланып, құрылысты 2027 жылы аяқтау көзделген. Болат Ақшолақов құжаттарды түзету жұмысын жеделдетіп, жарамсыз конструкцияларды бұзуды және нысанды одан әрі бүлінуден қорғау үшін кемінде сыртқы контуры мен төбесін жабуды тапсырды. Өрт сөндіру депосының ұзақ уақыт іске қосылмауы ауданның төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігіне әсер ететіндіктен, жобаны созуға жол бермеу қажет.
Әкім құрылысы 2019 жылы басталған үш қабатты, 60 пәтерлі үш тұрғын үйдің жағдайымен де танысты. Техникалық тексеріс кезінде іргетас блоктарының дұрыс қаланбағаны және көтергіш конструкциялардың беріктігіне нұқсан келгені анықталып, жалпы ауданы 12 мың шаршы метрге жуық кешен апатты деп танылған. Болат Ақшолақов адам өміріне қауіп төндіретін ғимараттарды бұзып, жаңа үйлерді құрылыс нормаларына сай салуды, ал жарамды материалдарды тиімді пайдалануды тапсырды.
1970 жылы пайдалануға берілген Аққыстаудағы су тазарту қондырғылары да апатты жағдайда тұр. Жаңа жоба технологиялық жабдықтарды ауыстыруды, резервуарларды қайта жаңартуды және кварц сүзгілері арқылы заманауи тазарту жүйесін енгізуді қамтиды. «Өркен» мөлтек ауданындағы тәулігіне 500 текше метр және Қаратөбектегі жалпы қуаты 1,5 мың текше метр болатын үш қондырғы жаңғыртылған соң Аққыстауды сапалы ауызсумен толық қамту жоспарланған.
Нарын, Жанбай, Зинеден және Исатай ауылдарына су жеткізетін жобалар да әзірленіп жатыр. Олар іске асқанда аудандағы барлық елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады. Облыс әкімі жобалық құжаттаманы мұқият түзетіп, құрылыс-монтаж жұмысын барынша ерте бастауды міндеттеді.
Аққыстаудағы 16,2 шақырым ішкі жолды жаңарту жобасы да мердігердің жауапсыздығынан кідірген. 2021 жылы басталған құрылыс бойынша 12,2 шақырымға ірі түйіршікті асфальтбетон төселгенімен, 2024 жылы шарт біржақты бұзылған. Қазір мердігерден қаражат өндіру және орындалған жұмыс актілерін жарамсыз деп тану жөніндегі сот процестері жалғасып жатыр.
Құрылыс сапасы сыр берді
Жұмыс сапары кезінде Аққыстаудың жаңартылған теміржол вокзалы да көрсетілді. Республикалық бағдарлама аясында Атырау облысындағы тоғыз вокзал жаңғыртылып, жолаушыларға арналған күту залдары, ана мен бала бөлмелері және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орындар жабдықталуда. Аққыстау вокзалы осы талаптарға сәйкестендіріліп, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтерілген.

Ауылдағы кәріз тазарту құрылыстары мен кәріз желісінің негізгі бөлігі аяқталып, сорғы станциясына технологиялық жабдық орнатылған. Мұнай құбырының қорғалатын аймағына байланысты №8а сорғы бекеті 50 метрге көшіріліп, қазір іске қосу-баптау жұмысы жүргізілуде. Болат Ақшолақов анықталған кемшіліктерді жойып, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Аққыстау мен Жанбай арасындағы электр желісінің алты шақырымдық бөлігінде 169 темір-бетон бағана зақымданған. Желіні 2021 жылы салып, бес жылдық кепілдік берген «№49 механикаландырылған колонна» серіктестігі жауапкершілігі қаралатын болады, өйткені Жанбай ауылы электр қуатын әлі де апатты желі арқылы алып отыр. Әкім қысқа дейін бағаналарды ауыстырып, қаржыландыру көзін анықтауды және ауылдарды электрмен үздіксіз қамтуды міндеттеді.
Өңір басшысы проблемалы нысандардың әрқайсысына жеке шешім қабылданып, нақты мерзім бекітілуі керегін айтты. Сонымен бірге мердігер таңдаудан бастап техникалық бақылауға дейінгі бүкіл тізбекке талдау жүргізуді тапсырды. Ақшолақовтың сөзінше, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың орындалуы жеке бақылауында болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







