Алматының батыс бөлігінде жаңа метро бекетінің құрылысы басталуына байланысты 13 қарашадан бастап Алатау даңғылының маңызды бөлігінде көлік қозғалысы ұзақ мерзімге шектеледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Қала билігі жүргізушілерді қосалқы айналма жолдарға бағыттағанымен, қазірдің өзінде қарбалас уақытта қозғалысы тұралап қалатын бұл аумақта кептеліс одан әрі күшейетіні анық.
Жолдың қай бөлігі және қанша уақытқа жабылады?
Қалалық көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, қозғалыс сызбасы метроның бірінші желісінің үшінші кезегі аясында салынатын №1 жаңа бекеттің құрылысына орай өзгертіледі. Жоба бойынша болашақ жерасты станциясы Алатау даңғылының бойында, Абай даңғылынан солтүстікке қарай орналаспақ.
13 қарашадан бастап Алатау даңғылының Абай даңғылынан Ұлықбек көшесіне дейінгі аралығында көліктердің жүруіне шектеу қойылады. Қала билігі нақты ашылу уақытын көрсетпей, шектеудің құрылыс жұмыстары толық аяқталғанға дейін сақталатынын ескертті.
Жүргізушілерге аталған аумақты айналып өту үшін арнайы төселген қосалқы айналма жол ұсынылып отыр. Әкімдік қала тұрғындары мен көлік тізгіндегендерге сапар бағытын алдын ала жоспарлап, жол белгілерінің талаптарын қатаң сақтауды сұрады.
«Барлық» базарына дейінгі жаңа бағыт
Қалалық биліктің жоспары бойынша, қолданыстағы метро желісі батыс бағытта айтарлықтай кеңейтілмек. «Қалқаман» станциясынан кейін «Барлық» базарына дейін ұзындығы шамамен 5,3 шақырым болатын жерасты аралық тоннельдері мен үш жаңа станция бой көтереді:
№1 бекет Алатау даңғылының бойында, Абай даңғылынан солтүстікке қарай салынады;
№2 бекет Алатау даңғылы мен болашақ Төле би көшесінің қиылысы маңында орналасады;
№3 бекет «Барлық» базарының аумағында салынады. Мұнда метроны, қала маңына қатынайтын автобус бағыттарын және болашақ жеңіл рельсті көлік жүйесін (LRT) бір арнаға тоғыстыратын ірі көлік-ауыстыру торабы мен көпдеңгейлі автотұрақ пайда болмақ.
Бекеттер пайдалануға берілгенде Наурызбай ауданы мен Алматы агломерациясынан қала орталығына қатынайтын жолаушылар ағыны жеңілдейді деп күтілуде.
Батыс қақпасындағы тығырық және тұрғындар сарсаңы
Жобаның келешектегі пайдасы зор болғанымен, құрылыс жүріп жатқан кезеңде қарапайым тұрғындардың күнделікті жүріс-тұрысы үлкен сынға түскелі тұр. Наурызбай ауданы, Қалқаман және Алтын Орда мен Барлық базарының маңы — онсыз да Алматының көлік тығыны ең қалың «қайнаған қақпасы».
Күн сайын таңертең және кешкісін қала маңынан орталыққа қатынайтын ондаған мың автокөлік қазірдің өзінде сағаттап кептелісте тұрады. Негізгі даңғыл жабылып, көлік легі енсіз қосалқы айналма жолға тоғыстырылған кезде, өткізу қабілеті күрт төмендеп, көршілес Абай, Шаляпин көшелері мен Райымбек даңғылына түсетін жүктеме еселеп артады.
Тұрғындар болашақтағы жайлы метроның игілігіне жеткенше, алдағы бірнеше жылды шаң мен шудың ортасында, таңғы және кешкі көлік кептелісінде өткізуге мәжбүр. Сондықтан қала билігі балама жолдарды реттеп, қоғамдық көліктің кедергісіз қатынауын қамтамасыз етуге барынша басымдық беруі шарт.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






