Қазақстан мен Иран ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне аяқ басты. Астанада Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран басшысы Масуд Пезешкиянмен кездесті. Одан кейін Тоқаев бірден Ашхабадқа ұшып кетті. Бұл кездейсоқ сапар емес. Себебі Қазақстан мен Иран арасындағы кез келген ірі логистикалық жоба Түрікменстан аумағын айналып өте алмайды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ашхабадтағы ресми келіссөздерде Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Сердар Бердымұхамедовпен және Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердымұхамедовпен жүздесіп, ұлкен жобаны талқыламақ. Бұдан үлкен инфрақұрылымдық жобаның пісіп-жетілгенін байқауға болады. Ресми түрде нақты жоба атауы жарияланған жоқ, бірақ бағыты мен маңызы түсінікті.
Алдағы уақытта «Ақтау-Ашхабад-Тегеран» арасындағы автожол да, мұнай-газ құбыры да, сауда-саттық дәлізі де бар деген болжам жасауға болады. Яғни, Каспий жағасындағы Ақтаудан Түрікменстан арқылы Иранға шығатын жаңа немесе толыққанды жаңартылған бағыт туралы сөз болуы ықтимал.
Егер Астанадан Маңғыстау арқылы Иранға дейін автожол логистикасы жүйелі түрде дамыса, парсының кілемінен бастап, Оразада ауыз ашатын құрмаға дейін тауар ағынына нақты жол ашылады.

Қазақстан үшін мұндай жоба бірнеше тұрғыдан маңызды. Біріншіден, экспортқа шығатын жүк бағыттары көбейеді, бір ғана Ресей бағытына тәуелділік біршама азаяды. Екіншіден, Иран арқылы Парсы шығанағына, одан ары Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия нарықтарына жол кеңейеді. Үшіншіден, Ақтау порты мен Маңғыстау өңірінің көлік-логистикалық әлеуеті күшейеді.
Түрікменстан да мұндай жобадан ұтылмайды. Ел аумағы арқылы өтетін кез келген транзит жол, теміржол, құбыр болсын бюджеттің негізігі кіріс көзі саналатынын жақсы біледі. Жаңа жұмыс орындары және халықаралық салмақтағы қосымша аргумент. Сондықтан «win-win» формуласы үш елдің де мүддесін қатар қамтитын схемаға ұқсайды.
Иран үшін де Каспий маңы елдерімен тікелей әрі сенімді байланыс маңызды. Санкция жағдайында балама бағыттарды көбейту, көрші елдермен сауда көлемін арттыру күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Сол себепті «Астана-Ашхабад-Тегеран» желісіндегі алдағы жылдары іске асуы мүмкін ірі инфрақұрылым жобасының бастауы ретінде қарастыруға болады.
Қорытындылай айтқанда, Астанадағы Тоқаев пен Пезешкиян кездесуі, артынан Ашхабадтағы келіссөздерді бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Әзірше нақты жоба атауы мен параметрлері ресми түрде жарияланған жоқ. Бірақ логика бойынша сөз логистика, энергетика және сауда дәліздері туралы жүріп жатқаны анық. Ендігі маңыздысы осы келіссөздер қағазда қалып қоймай, экономика мен бизнеске нақты мүмкіндікке айналуы тиіс.

