Президент Тоқаев Пәкістанның беделді басылымы The News International-ға эксклюзивті сұхбат берді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Исламабадтағы салтанатты қонақүйде өткен әңгіме барысында Тоқаев әлемдік саясаттың өткір мәселесімен қатар, Қазақстандағы маңызды саяси реформаларға, АҚШ-тағы ішкі ахуалға және халықаралық дағдарыстарды шешудегі ұстанымын ортаға салды.
Президенттің Пәкістан позициясы
Сұхбат басында Қазақстан Президенті жақында Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездескенін еске алып, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі басталғанын атап өтті.
«Пәкістан біз үшін дос ел әрі халықаралық аренада беделі биік стратегиялық серіктесіміз. 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнағалы бері түрлі салада табысты әріптестік орнаттық. Биылғы мемлекеттік сапарым барысында 60-тан астам маңызды келісімге қол қойылды. Бұл екі елдің сауда-инвестициялық байланысына тың серпін берері сөзсіз», – деді Тоқаев.
Айтуынша, екі ел арасындағы басты басымдық экономикалық интеграция және өңіраралық байланысты нығайту. Әсіресе көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, өндіріс және білім беру бағыттарында ортақ жобаларға мән берілмек.
«Қазіргі таңда екіжақты тауар айналымын еселеп арттыру басты міндеттің бірі. Біз екі елдің бизнесіне кең жол ашып, бірлескен өндіріс ошақтарын құру арқылы нақты нәтижеге қол жеткізуді көздеп отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев пен Трамптың «заң мен тәртібі»
Әлем назарындағы АҚШ-тағы ішкі саяси жағдайға тоқталған Тоқаев президент Трамптың саясатын жоғары бағалайтынын ерекше атап өтті.

«Президент Трамп ұлттық мүддені бәрінен биік қоятын батыл саясаткер. Оның саясаты Америка экономикасындағы жетістіктерден айқын көрінеді. Ол елдің әлеуметтік саласына да терең реформалар енгізді. Мен оның «тәртіп пен заң үстемдігі» қағидаттарына құрылған саясатын толық қолдаймын. Қазақстан да осындай нақты әрі прагматикалық бағытты ұстанады», – деді Президент.
Авраам келісімдеріне Қазақстанның қосылуына қатысты сауалға Тоқаев бұл тарихи қадамның елдің ұлттық мүддесіне толық сай келетінін айтып, идея авторы Дональд Трампқа қолдау білдірді.
«Авраам келісімдері шын мәнінде көреген бастама. Біз осы келісімдерге қосыла отырып, әлемде тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту ісіндегі ұстанымымызды нақты дәлелдейміз. Осы қадам Қазақстанға инвестиция, жаңа технологиялар және нақты экономикалық табыс әкеледі. Ең бастысы, мұсылман мен еврей әлемі арасында кең ауқымды диалогтың дамуына септігін тигізеді деп үміттенемін», – деді ол.
Давостағы бастама БҰҰ-ға балама бола ма?
Давоста Шахбаз Шарифпен бірге қол қойған Бейбітшілік кеңесі туралы келісімге қатысты сұраққа Президент бастаманың БҰҰ-ға балама емес, керісінше, халықаралық ұйымға қосымша қолдау екенін түсіндірді.
«Президент Трамп Бейбітшілік кеңесін құру туралы құжатқа қол қойған сәтте-ақ оның БҰҰ-ның жұмысын толықтырушы екенін анық айтты. Бұл кеңес қазіргі халықаралық дағдарыстарды шешуде икемді әрі прагматикалық механизмдер ұсынады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ресей мен Украин дағдарысы һәм Газа секторы
Ресей мен Украина арасындағы соғыстың созылып бара жатқанын айтқан журналистің «Астана делдалдық етуді қалай ма?» деген сұрағына Президент:
«Жанжал күрделі әрі ауыр сипат алып отыр. Қазақстан жанжалдың тек саяси және дипломатиялық жолмен шешілгенін қалайды. Біз делдалдық рөлге таласпаймыз, дегенмен екі тарап келіссөзге дайын болса, Қазақстан бейтарап алаң ұсынуға әзір», – деп жауап берді.
Газа секторындағы бейбітшілік жоспарына қатысты пікір білдірген Президент, бастаманы әзірлеген Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің жоспарын «шын мәнінде амбициясы жоғары, бірақ шынайы» деп бағалады.
«Дегенмен ұзақмерзімді бейбітшіліктің жалғыз кепілі екі мемлекет құруға нақты саяси ерік-жігер. Басқа жол – зорлық пен тұрақсыздыққа қайта оралтады», – деді Тоқаев.
Президент алып аралдың болашағы туралы не ойлайды?
Гренландияның болашағына қатысты сауалға Қазақстан Президенті халықаралық құқыққа сәйкес өзара келісім арқылы ұзақмерзімді жалға беру тәжірибесін ұсынды.
«Мысалы, АҚШ пен Дания арасында 120 жылға Гренландияны жалға алу туралы келісімге қол жеткізуге болады. Сонда Гренландия Данияның құрамында қалып, оның егемендігі бұзылмайды. Екі жақ та стратегиялық мүддеге сай, прагматикалық келісімге келуі қажет», – деді ол.
Конституциялық реформаның түпкі мақсаты неде?
Президент Қазақстандағы конституциялық реформа туралы да кеңінен тоқталды.
«Қазақстан өзінің тарихындағы маңызды саяси трансформацияны бастан кешуде. Біз суперпрезиденттік модельден бас тартып, күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет қағидаты негізінде тиімді билік жүйесін құрдық. Жаңа кезеңде біз бір палаталы Парламент құрып, Халық Кеңесін қалыптастырып, Вице-президент лауазымын енгізбекпіз. Адам құқықтары мен еркіндігі басты басымдық», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның стратегиялық даму бағыты айқын.
«Мақсатымыз әділетті, таза, қауіпсіз әрі озық Қазақстан құру. Қазірдің өзінде Қазақстан Орталық Азияның ең ірі экономикасы. ЖІӨ 300 миллиард доллардан асты. Инвестицияға қолайлы орта қалыптастырып, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды жаппай енгізіп жатырмыз. Сонымен қатар, Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретінде дамытудамыз. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты іс-шаралар», – деді Президент.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

