Президент Тоқаев әлемдік саясаттың ең күрделі кезеңінде Нью-Йоркке, БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясына аттанып барады деп хабарлайды Ertenmedia.
Халықаралық қатынастар тығырыққа тірелген тұста, әлемдік қауымдастық ірі державалардың текетіресі мен ядролық соғыс қатерінің өсуіне алаңдаулы.
Оның үстіне, бүгінгі дәстүрлі институттар жаһандық мәселелерді шешуде дәрменсіздік танытуда. Осыдан бірнеше күн бұрын халыққа жолдауында президент БҰҰ-ны түбегейлі реформалау қажеттігін атап айтқан еді.
Orda порталымен ой бөліскен депутат Ерлан Саировтың пайымдауынша, Тоқаев әлемдік тәртіпті жаңаша құруға қатысты тың әрі батыл ұсыныс айтады.
Пікірінше, дәл осы мәселеде Қазақстан басшысының беделі ерекге. Ол бұған дейін халықаралық дипломатияның ең жоғарғы сатыларының бірінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған. Халықаралық қатынас саласының терең білгірі ретінде танылған.
«Әлем қазір турбуленттік кезеңге түсті. Ірі мемлекеттер экономикалық және саяси үстемдік үшін күресуде. Әлемнің шығысы мен батысының қарым-қатынасы түбегейлі өзгеріп жатыр», – дейді Саиров.
Депутат әлемдік күштердің арасалмағы ауысқанын нақты дерекпен келтіреді. Оның сөзінше, Шығыстың экономикалық әлеуеті артып келеді.
Бүгінде әлемнің екінші экономикасы Қытай, үшінші орынға Үндістан жайғасқан. Жалпы Азия-Тынық мұхиты аймағының маңызы артып барады.
Сондықтан әлемдік саяси институттарды реформалау, әсіресе БҰҰ-ның құрылымын қайта қарау мәселесі күн тәртібіне шықты. Бүгінгі таңда экономикасы ірі, қуатты мемлекеттер Еуропа мен Солтүстік Америка елдерімен, тіпті G7 тобымен тең дәрежеде бәсекелесе алады.
«Үлкен жетілік» ұйымының беделі мен ықпалы бұрынғыдай емес.
Саиров Қазақстан президенті орта және шағын мемлекеттердің мүддесін ерекше назарға алып отырғанын айтады. Қазір әлемдік саясатта тек ірі экономикалық және әскери державалардың дауысы шығып жүр.
Тоқаев болса, «әлем ақ пен қарадан ғана тұрмайды, басқа мемлекеттердің де экономикалық және саяси мүддесі бар, оларды ескеру қажет» деген ұстанымда. Жақында осы тезисті БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те қолдаған еді.
Сондай-ақ, Тоқаев соғысты экономикалық немесе саяси мәселелерді шешу құралы ретінде қабылдауға болмайтынын үздіксіз айтып келеді. Депутат осы ұстанымды халықаралық саясаттағы тың әрі батыл көзқарас деп санайды.
Сонымен қатар ядролық қару мәселесіне де тоқталған сарапшы:
«Ірі державалар арасындағы қарулану жарысы ядролық соғыс қаупін арттырды. Тоқаев «мұндай текетірестен ортадағы мемлекеттер неге зардап шегуі керек, біздің дауысымызды неге естімейсіздер?» деп орынды сұрақ қойып отыр», – дейді.
Тоқаев БҰҰ мінберінен жаһандық экология мәселесін де көтеруі мүмкін. Сарапшының пікірінше, ауыз су тапшылығы алдағы уақытта әлемдік ауқымдағы қақтығысқа, тіпті әскери жанжалға әкелуі ықтимал.
Саиров осынау сын-қатерлер әлемдік тәртіпті түбегейлі өзгертуді талап ететінін айтады. Ол өзгерістің ішінде соғыстан бас тарту, барлық мемлекеттердің, әсіресе шағын елдердің пікірін ескеру және экологиялық дағдарыстарға жауап беру сияқты бастамалар қамтылуы тиіс.