Будапешт қаласында 21 мамырда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) саммиті өтті. Бұл жиында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізіне қатысты бірнеше маңызды мәселені көтерді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы өз сөзінде әдеттегідей «Орта дәлізді» дамыту қажеттігін атап өтіп, оны Шығыс пен Батысты байланыстыратын ірі транзиттік көпірге айналдыруға шақырды. Сонымен бірге ол «Солтүстік – Оңтүстік» деп аталатын тік бағыттағы сауда дәлізін де ұмыт қалдырмады.
«Бұл бағыттарды дамыту арқылы түркі аймағының негізгі транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін айтарлықтай нығайтуға болады», – деді Тоқаев.
Президент ТМҰ елдерінің арасындағы өзара сауданы одан әрі арттырудың маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі көрсеткіштер көңіл көншітпейді.
«Былтыр Қазақстанның ұйымдағы серіктестерімен сауда айналымы 11,4 млрд долларды құрады. Бұл – еліміздің жалпы сыртқы сауда көлемінің сегіз пайызы. Жаман көрсеткіш емес, бірақ оны әлдеқайда ұлғайтуға болады», – деді Президент.
Тоқаев Транскаспий бағытындағы жобалардың болашағына жеке тоқталды. Жақында ғана Каспий теңізінің түбімен Қазақстан мен Әзірбайжан арасында жоғары жылдамдықты интернет-кабель тарту жұмыстары басталғанын еске салды. Сонымен қатар Президент Транскаспий мұнай-газ құбырын салу мүмкіндігі туралы да пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл жобалар міндетті түрде халықаралық деңгейде үйлестірілуі тиіс.
Каспийдің экологиялық мәселелері де Президенттің назарынан тыс қалмады. Ол теңіз деңгейінің төмендеп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, бірлескен экологиялық зерттеулер жүргізуге шақырды. Сондай-ақ өзара келісімдерді қатаң сақтаудың қажеттігін еске салды.
«Тағы бір аса маңызды мәселе – ұйым аясында қабылданған барлық құжаттар мен ережелерді бұлжытпай орындау. Процедуралық қана емес, саяси әрі экономикалық бағыттағы келісімдердің барлығы сыйластықпен, міндетті түрде жүзеге асырылуы керек», – деп атап өтті Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жақын арада Қазақстанда Түркі мемлекеттері ұйымының тұрақты өкілдігі ашылатынын хабарлады. Бұдан бөлек, маусым айында Астанада Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясының XIV пленарлық отырысы өтеді. Ал Алматы сол кезден бастап Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы ретінде жұмысын бастайды.