Президент Тоқаев Уашингтон сапары барысында Украинадағы ахуалға қатысты пікір білдірді деп жазады Ertenmedia.
New York Times-тың мәліметінше Тоқаев саммиттің вайбын жоғары бағалап, Ақ үйдегі кездесудің былтыр Байден өткізген жиыннан бөлек болғанын атап өткен. «Осы жолғы жиында Орта Азияның рөліне тереңірек мән берілді», – депті Қазақстан басшысы.
Жо ақсақал аймақтың басшыларымен Нью-Йорктегі БҰҰ-ның кеңсесінде ғана кездесе салған еді.
Саммит барысында Ақ үй мен Ақорда «аса маңызды минералды бірлесіп игеру» бойынша меморандумға қол қойған. Жақын күндері Әмірикамен бірлескен кәсіпорын құру туралы ірі келісімнің егжей-тегжейі жариялануы тиіс.
«Байденнің тұсында аймақ елдеріндегі адам құқығы мәселесіне екпін берілсе, осы жолы прагматикалы әрі бизнеске бағытталған мәмілелер алға шықты. Бұрынғыдай демократияны талап ететін бірбеткей позицияға артта қалып, табысты келісімшартқа қол жеткізу маңызды бола бастады», – дейді New York Times.
Ertenmedia-ға жеткен мәлімет бойынша Тоқаев командасы Әмірикаға қомақты инвестиция мен озық технологияға қол жеткізуді көздеп барған. Және сол мақсат толық орындалған. Ақорда идеологтары Трамп әкімшілігінің аймақтың стратегиялық маңызын жақсы түсінетінін аңғарған.
Бұдан бөлек Тоқаев Трамптың Ресейге қатысты икемді саясатын оң бағалаған екен. Екі ел арасындағы ортақ шекараның ұзындығы 7.5 мың шақырым екенін еске салған ол, көршімен сыйластықты сақтай отырып, Украина мәселесінде бейтарап ұстанымда екенін де ескертіпті.
Қыркүйек айында Тоқаев Украина президенті Зеленскиймен кездескен болатын.
«Украинадағы қақтығысты тоқтату, атысты доғару әлі де мүмкін. Астана келіссөзге алаң ұсынуға әзір. Дегенмен, бір кілтипан бар. Путин қазірдің өзінде территориялық талапқа қатысты мүмкін болған ең үлкен шегіністі жасады. Тамызда оның Донбасстағы фронт сызығын қазіргі шекарада бекітіп, Киевке осы ұсынысты қабылдауға шақыруы айтарлықтай алға жылжу. Ол бұдан артық шегінуге «ішкі қоғамдық пікірді» ескере отырып бара алмайды», – депті Тоқаев.
Оның пікірінше, Кремль көсемі келіссөз мәселесінде айтарлықтай икемділік танытып отыр.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.

