Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев АҚШ басшысы Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету жолдарын талқылады деп хабарлайды Ertenmedia Өзбекстан президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттер бірінші кезекте сауда-экономикалық байланысты арттыру мәселесіне ерекше мән берген. Былтыр қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 15%-ға өскен. Тараптар сауда мен инвестиция саласындағы оң динамиканы жалғастыруға мүдделі.
Бұл ретте азаматтық авиация, минералдық ресурстар, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар мен білім беру салаларында бірлескен жобаларды дамыту жоспарда бар.
Ай соңында өзбек делегациясының ірі америкалық компаниялармен кездесуі күтілуде.
Телефон әңгімесі барысында қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Президенттер терроризм, экстремизм және заңсыз көші-қонмен күрестегі ортақ жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, «С5+1» форматы аясында АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігі сөз болды.
Білім және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту де қос президенттің негізгі тақырыбының бірі. Ташкентте бірнеше америкалық университет филиалдарының ашылуы екі ел арасындағы академиялық байланыстарды жаңа деңгейге көтерді. Сондай-ақ екі мемлекет басшылары Өзбекстан футбол құрамасының 2026 жылы АҚШ-та өтетін әлем чемпионатына алғаш рет қатысатынына ерекше тоқталды.
2016 жылдан бері билікте отырған Мирзиеевтің ашық сыртқы саясаты мен ішкі реформалары Өзбекстан мен АҚШ арасында жаңа серпіліс туғызды. Америка тарапы Ташкентпен терроризммен күрес, экономикалық даму және білім салаларындағы қарым-қатынасты күшейтуге ниетті.
Телефон әңгімесі соңында президент Мирзиеев Дональд Трампты Өзбекстанға ресми сапармен келуге шақырды. Екі ел басшылары жоғары деңгейдегі байланысты үзбей, ортақ жобаларды белсенді түрде жалғастыруға уағдаласты. Өзбекстан президентінің аппараты әңгіме мазмұны конструктивті әрі достық сипатта өткенін хабарлады.