Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында Түрксіб ауданындағы Әлмерек ш/а №195 мектеп жанындағы қосымша құрылыстың жұмыс барысымен танысты.
Шамамен он жыл бұрын салынған білім беру мекемесінде жобалық қуаты 300 орындық, қазір мұнда 800-ден астам оқушы оқиды. Қала басшысының тапсырмасы бойынша оқушылардың тығыздығын төмендету үшін 450 орындық қосымша құрылыс салынуда.
Мектеп химия, биология, физика және информатиканың жаңа кабинеттерімен жабдықталады. Барлық пәндік кабинеттерде интерактивті панельдер орнатылады. Жоба сонымен қатар абаттандыру мен көгалдандыруды да қамтиды.
Құрылыс алаңына барған кезде Ерболат Досаев барлық жұмыстарды 2025 жылдың қаңтарында жоғары сапалы құрылыс материалдарын, жайлы мектеп жиһаздарын пайдалана отырып, жаңа оқу тоқсанының басында аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, мегаполис әкімі оқу орнын дабыл мен бейнебақылауды қоса алғанда, барлық қажетті қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтауды тапсырды.
– Барлық құрылыс және монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін бізде мектептің бір ауысымды оқыту режиміне көшуін қарастыру мүмкіндігі пайда болады. Бұл ата-аналар және балалар үшін де ыңғайлы болады, өйткені қосымша сабақтарға көбірек уақыт бөлінеді, – деді Ерболат Досаев.
Құрылысты аралау барысында әкімге 10 жыл бұрын салынған мектептің негізгі, қолданыстағы корпусы елеулі бұзушылықтармен салынғаны баяндалды. Ғимарат жертөлесіз, таспалы іргетаста тұрғызылды, бұл кейбір сыныптардағы едендердің төмендеуіне себеп болды.
Мәселені шешу үшін Ерболат Досаев техникалық сараптама жүргізуді тапсырды, содан кейін барлық кемшіліктер жойылады.
Жалпы Алматыда мектептердің бір ауысымды оқытуға біртіндеп көшуі жалғасуда. Келесі оқу жылына 200-ден астам мемлекеттік мектептердің 43-і бір ауысымдық оқуға ауысады ( өсім 12,5%-дан 18,4%-ға дейін).