Түркістан облысында қыз алып қашудың кезекті сұмдық оқиғасы қоғамды дүр сілкіндірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
2025 жылдың 27 маусымы Мәншүк Ахметтің жадында өмір бойы жазылмас жара болып қалды. Сол күні кешкі сағат 7-де құрбысы Алтыншашпен бірге тамақтануға шыққан ол күтпеген жерден бөтен адамдардың тұзағына түседі.
Құрбысының өзі алдын ала ұйымдастырған көлікке отырғанда, оның тағдыры мүлде басқа бағытқа бұрылған еді.
«Қайда барамыз деп сұрағанымда, Алтыншаштың «біз сені алып қашып барамыз» деген сөзіне сенбедім. Менің жігітім бар екенін біле тұра, ол туған ағасына тұрмысқа шығуымды қалапты. Көзімді жасқа толтырып айқайлап, көмек сұрап жаттым, бірақ екі жағымда отырған жігіттер аузымды жауып, қолымды бұрап ұстады», – дейді жәбірленуші Мәншүк.
Қызды белгісіз үйге жеткізіп, көпшіліктің ортасына әкелгенде қысым мен қорқыту басталған. Әйелдер Мәншүкке орамал салып, көндіруге тырысады. «Жігітім бар, тимеймін!» деген сөзіне құлақ асқандар болмаған. Тіпті бір әйел оған ашықтан-ашық қоқан-лоқы көрсеткен.
Мәншүктің телефонын тартып алған құрбысы, оның атынан ата-анасына жалған хабарлама жіберген: «Мама, папа, мен өз еркіммен осы үйге келдім, баталарыңды беріңдер». Мәншүк әлгі хатты өзі жазбағанын айтып отыр.
Сол түні…
Әпкесін алып кетуге келген ағасы да зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Оны бірнеше ер-азамат тұншықтырып, үйден күшпен шығарып жіберген.
«Ағамды мойнынан қылқындырып, далаға итеріп шығарды. Әйелдер болса мені ортаға алып, жан-жақтан жұлқылай бастады. Өмірімде мұндай сұмдықты көрмеген едім. Мен бақытты, тыныш отбасында өскен қызбын. Жан-жағымда болып жатқан зорлық-зомбылықтан есім шығып, өз-өзімнен түңіліп, күйзеліске ұшырадым», – дейді көзіне жас алған Мәншүк Ахмет.
Жәбірленушінің туыстары келесі күні Жетісайдағы «Атмосфера» кафесінде күдікті тараппен кездесіп, мәселені бейбіт шешуге тырысқан. Бірақ кездесудің соңы тағы да қақтығысқа ұласқан.
«Қызымызды қайтарыңдар, қазір 19-ғасыр емес, ешкімді күшпен ұстамаймыз деп түсіндірдік. Сол сәтте сырттан Мәншүктің шыңғырған дауысын естідік. Далаға жүгіріп шыққанда, Мәншүкті бірнеше әйел екі қолынан мықтап ұстап, ағамды итеріп, ұрып жатқанын көрдік. Мен жүгіріп барғанда, шашымнан тартып, жерге құлатып, тепкілеп тастады. Қасымда егде тартқан анам да бар еді, жағдайы күрт нашарлап кетті», – дейді қыздың туған тәтесі Әлия Орынбаева.
Сол күні…
Мәншүкті әйтеуір туыстары зорлықпен құтқарып қалған. Денесіндегі жарақат дәрігерлік сараптамамен расталып, полицияға арыз түскен. Бірақ содан бері жарты жылдан астам уақыт өтсе де, тергеу ісі қозғалмаған күйде тұр. Тіпті осы аралықта істі қараған алты бірдей тергеуші ауысқан.
«Мәншүк қызымызды зорлықпен үйлендірмек болған жігіт одан 14 жас үлкен. Олар бұрын мүлде кездеспеген. Осы сұмдықты басымыздан өткергенімізге жарты жылдан асты. Тергеу ісі тоқтап тұр. Бұл бір ғана Мәншүктің емес, бүкіл қазақ қыздарының мәселесі», – дейді Әлия Орынбаева.
Жәбірленушінің жақындары әділдік талап етіп, Президенттен, Ішкі істер министрінен және Бас прокурордан істі жеке бақылауға алуды сұрап отыр. «Неге жәбірленуші қорғалмайды? Неге кінәлілер әлі күнге жазаланбайды?» – деп ашынады қыздың туыстары.
Қазақстанда некеге мәжбүрлегендер 7 жылға дейін сотталуы мүмкін. Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жария еткен еді. Соңғы үш жылда полицияға некеге мәжбүрлеу бойынша 214 шағым түссе, оның тек 10-ы ғана сотқа дейін жеткен.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

