Депутат Мұрат Әбенов үкіметті шикізат олигархтарына жақтасып, отандық бизнесті тұншықтырып отыр деп айыптады деп хабарлайды Ertenmedia.
Оның айтуынша, биліктің пәрменімен ҚТЖ ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарына жүк тасымалына келгенде айтарлықтай жеңілдік жасауда. Нәтижесінде, көмір, руда мен металл Ресей және Қытайға өте төмен тарифпен тасымалданады. Жеңілдіктің барша пайдасын шетелдік кәсіпорындар көруде.
Ал Қазақстандағы шағын және орта бизнес керісінше, өз елімізде өндірілген шикізатты қымбатқа сатып алуға мәжбүр, кейде тіпті оған да жарымай қалады.
«Қарағанды металлургия комбинаты (ҚарМет) тауарын Қазақстан нарығында сатпайды, толығымен экспортқа жөнелтеді. Соның кесірінен Қызылордадағы стадион құрылысына Қытайдан әкелінген металды пайдаланып жатыр. Ал өзіміздегі ірі кәсіпорын шикізатты түгелдей шекара асыруда», – дейді депутат.
Әбеновтың пікірінше, әлгіндей жеңілдік «ескі Қазақстанның» дәуірлеп тұрған тұсында экс-елбасының айналасындағы атышулы бизнесмендерге берілген. Ең қызығы, Бектенов үкіметінің қатарында олигархтарды қорғаштап отырған шенділер шоғыры бар.
«Жеңілдіктер бұрынғы жүйе кезінде экс-президенттің жақын адамдарына берілген болатын. Өкінішке қарай, қазіргі үкіметте осы жеңілдіктерді сақтап қалуға мүдделі тұлғалар бар», – дейді мәжілісмен.
Оның сөзінше, осының кесірінен ҚТЖ қып-қызыл шығынға батуда. Компания басқа тұтынушылар үшін тарифті көтеруге мәжбүр. Салдарынан орта және шағын бизнес өкілдері зардап шегіп жатыр.
Әбенов мәселені шешудің төте жолы шикізатты ел аумағында өңдеп, дайын өнім ретінде экспортқа шығару деп есептейді. Осы арқылы елде жаңа жұмыс орнын құрып, әл-ауқатымызды арттыруға болатынын алға тартып отыр.
Үкімет басшысына сауал жолдаған депутат «Бектеновтің маңында олигархаттың сөзін сөйлеп, сойылын соғатын лоббистер болуы мүмкін» деп топшылайды.
«Мен Олжасқа сенемін. Оның елге әділ қызмет еткісі келетіні байқалады. Бірақ осы проблеманы әлі толық бақылауға алмаған тәрізді. Айналасына мұқият болса дейсің, командасын тағы бір мәрте сүзгіден өткізгені жөн. Оның жанында олигархтардың пайдасына жұмыс істейтін «жасырын лоббистер» жүрген болуы мүмкін. Олар тек материалдық мүддемен шектелмейді», – дейді Әбенов.
Депутат алдағы уақытта бұл мәселені Мәжілісте көтеріп, нақты тексеріс жүргізуді қолға алмақшы.

