Қазақстанда «Үздік педагог» республикалық байқауы басталды. Жеңімпазға 3,9 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Конкурсқа білім саласында кемінде бес жыл үздіксіз еңбек өтілі бар мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының мұғалімдері қатыса алады.
Педагогтар жұмысының тиімділігі, кәсіптік шеберлігі және білім беру саласына қосқан нақты үлесі бойынша бағаланады.
Конкурс үш кезеңнен тұрады:
Аудандық және қалалық деңгей (8-25 шілде аралығы);
Облыстық деңгей (28 шілде – 15 тамыз аралығы);
Республикалық деңгей (18 тамыз – 18 қыркүйек аралығы).
Алғашқы екі кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған қатысушылар республикалық кезеңге өтеді.
Конкурсқа қатысу үшін өтініш беру, құжаттарды тіркеу және бағалау uzdikustaz-nobd.edu.kz ресми сайты арқылы жүргізіледі.
Министрліктің мәліметінше, «Үздік педагог» байқауы Қазақстанда 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде 700-ден астам ұстаз «Үздік педагог» атағын иеленген.