Қазақстандық UFC жауынгері Асу Алмабаев Дохада өткен жарыстан кейін Бекзат Алмаханның жағдайын ойлады. Себебі сол кеште Бекзат октагонда жеңіліп қалды. Асу баспасөз мәслихатында ашық айтып, бауырын сынға жығып жібермей, керісінше қолдау көрсетуге шақырды. Оның айтуынша, осы деңгейге жетіп, шетелге келудің өзі, қапталда тұрған октагонға бір қадам жақындаудың өзі үлкен ерлік екенін айтты.
Асу Бекзаттың жекпе-жегін киім ауыстыратын бөлмедегі экраннан көргенін айтты. Қуанып тұрған сәттің өзінде бауыры жеңілгенде көңілі түсіп кеткенін жасырмады.
– Ол менің бауырым, дәл осындай кезде дем бермесек, қашан қолдаймыз? – деп ойын айтты. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүретінін, бір жекпе-жекпен адамның еңбегін жоққа шығаруға болмайтынын еске салды. Оның сөзінде жасандылық емес, ішкі реніш пен жанашырлық қатар сезілді.
Осы тұста Асу қоғамдағы бір жайды анық атап өтті. Көпшілігіміз өзімізді «көшпенді халықтың ұрпағымыз» деп айтуға дайынбыз. Алайда іс жүзінде бір-бірімізді қолдаудан гөрі өсек пен орынсыз сынауға бейім болып бара жатқанымызды ашық айтты.
– UFC-де бар болғаны екі-үш қазақ спортшысы ғана жүр. Соның өзінде олардың қадамын аңдып, алғашқы сүрінген жерінен ұстап алып, аяусыз сынайтындар көп. Ал басқа елдерде әр салмақта мықты жауынгерлер бір-бірін бәсекелес бола жүріп қолдайды, ортақ мүддені түсінеді, – дейді спортшы.
Асу спорттағы табиғи бәсекені дұрыс түсіну керек екенін айтты. Әр салмақта бірнеше спортшы шығуы қалыпты жағдай, олар бірін-бірі шыңдап, тәжірибе алмасады. Соның арқасында елдің де аты шығады.

