Соңғы 8 жылда жеке мектептерге жұмсалған миллиардтар сапаны арттырмай, бюджетке ауыр салмақ салған деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Вице-премьер, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осы бағытта жүргізілген талдаудың қорытындысын жариялап, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік тапсырысты орналастыру ісінде бірқатар жүйелі кемшіліктің бетін ашты.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда 8 жылда жеке мектептер саны жеті есеге жуық өсіп, бүгінде 785-ке жеткен. Осы өсім мемлекетке тым қымбатқа түсіп отыр.
Сан бар, сапа қайда?
Егер 2020 жылы бюджеттен осы мақсатқа 13 миллиард теңге жұмсалса, 2025 жылы шығын көлемі 242 миллиард теңгеге жеткен. Тек инвестициялық шығындардың өзі бес жылда 111 миллиард теңгені құраған, бұл 35 жаңа мектеп салуға жетерлік сомаға тең.
Басқаша айтсақ, Балаева осы қаржыны жеке мектепке берудің орнына, дәл сол ақшаға 35 жаңа мектеп салып, орын тапшылығын шешуге болар еді дегенді меңзеп отыр.
Жеке мектептің саны көбейсе де, мектептегі орын тапшылығы мәселесі шешілмей, 2025 жылы 251 мың орынға жеткен.
«Өңірлердегі нақты қажеттілік ескерілмей, жеке мектептер бей-берекет ашыла берген.
Нәтижесінде, мектептердің 80 пайызы жалға алынған ғимараттарда орналасып, директор лауазымына тәжірибесіз мамандар тағайындалдаған. Тіпті кей мектеп иелері 20 жылдан кейін ғимаратты басқа мақсатқа ауыстыруы да мүмкін.
Осының барлығы білім сапасын құлдыратып, мемлекетке деген сенімді азайтып отыр», – деді Балаева.
Жаңа талап, жаңа реали
Министрліктің талабы бойынша, енді мемлекеттік тапсырыс өңірлердің нақты қажетіне қарай беріліп, жаңа ашылған мектептерге тапсырыс орналастыру уақытша тоқтатылмақ. Сонымен қатар жеке инвесторларға тек инвестициялық шығындарды өтеу арқылы қолдау көрсетіледі.
«Бюджеттің әрбір тиыны білім сапасы мен халық денсаулығын жақсартуға жұмыс істеуі тиіс. Жаңа қаржыландыру механизмін іске қосып, мектептерді толық цифрландырып жатырмыз», – деді вице-премьер.
Медицина да дәл осы күйде
Жеке клиникаларға қатысты жағдай да көңіл көншітпейді. Бүгінде елде 698 алғашқы медициналық көмек ұйымы болса, оның тең жартысына жуығы (336 ұйым) жеке меншікке тиесілі.
2020 жылдан бастап олардың саны 215-тен 336-ға өсіп, тіркелген азаматтар саны 3 миллионнан 5,6 миллионға дейін жеткен. Алайда өсім медициналық қызмет сапасын көтере алмаған.
«Жеке клиникаларда мед.көмектің сапасы жақсарған жоқ, керісінше қаржы бұрмалау фактісі көбейді. Бір медициналық қызметке мемлекет тарапынан екі рет төлем жасалған жағдай жиі кездеседі. Мед.көмек көрсетілмесе де, ақша аударылған деректер анықталды», – дейді министр.
Осыған байланысты үкімет 2027 жылдан бастап алғашқы медициналық көмекті толығымен міндетті медициналық сақтандыру қоры есебінен қаржыландыруға көшпек.
Жеке клиникалардың жұмысына цифрлық бақылау енгізіліп, сапа деңгейін пациенттің өзі ұялы телефон арқылы растайтын болады.
Бұдан бөлек, денсаулық саласын бақылайтын Ұлттық сапа институты құрылып, жеке клиникалардың бюджет қаржысын мақсатты пайдалануын тексеру күшейеді. «Осы арқылы тиімді жұмыс істейтін мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдарды іріктейміз. Мемлекеттің ақшасы орнымен жұмсалуы тиіс», – дейді Балаева.
Ал жекеменшік мектептердің мәселесі шешілген секілді. Күні кеше осыған байланысты Оқу-ағарту министрі үндеу жасап, білім саласын көлденең көк аттылардан тазалайтынын мәлімдеген.
Жеке мектеп ашу қиындайды: министр Сүлейменова саладағы хаосты реттеуге кірісті
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

