Елімізде ең ауқымды әлеуметтік бастамаға айналған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының екінші жылдық нәтижелері жарияланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бағдарламаның кезекті төлемдері қарсаңында Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қаражаттың есептелу мерзімін, тізімдерді қалыптастыру тәртібін және игерілмеген қаржының болашағы жайындағы сауалға жан-жақты жауап берді.
Бағдарлама аясында 2006 жылы және одан кейін туған әрбір бала Ұлттық қордың инвестициялық табысынан 50 пайыз үлес алады. 2024 жылы бұл сома бір балаға 100,52 доллар болған еді.
Жалпыға қызықты сұрақ – балалардың шоттарына ақша қашан түседі? БЖЗҚ нақты мерзімдерді белгіледі.
«2025 жыл үшін мақсатты аударымдар мен инвестициялық табыс қатысушылардың шоттарына 2026 жылғы 1 ақпанға дейін есептеледі», – деп нақтылады БЖЗҚ мамандары.
Неліктен нақты сома әлі белгісіз?
Төлем мерзімі нақтыланғанымен, бір балаға есептелетін 2026 жылғы нақты сома әлі белгісіз. БЖЗҚ мамандарының айтуынша, қорытынды сома мен балалар саны әлі де анықталып жатыр. Бұл деректер көп кезеңді тексерістен өтеді. Алдымен Ұлттық банк қаржылық ақпаратты БЖЗҚ-ға жібереді, яғни мақсатты аударымдардың жалпы сомасын және инвестициялық табыс мөлшерін ұсынады. Сонымен қатар БЖЗҚ 2025 жылғы 31 желтоқсандағы дерек бойынша мемлекеттік тұлғалардың бірыңғай базасынан қатысушылар тізімін қалыптастырады. Кейін бұл тізім электрондық үкімет операторы – «ҰАТ» АҚ-на жолданып, ол деректердің дұрыстығын тексереді. Барлық ақпарат нақтыланған соң ғана қор мамандары әрбір балаға төленетін соманы есептейді.
«Қаражат көлемі заңмен бекітілген мерзімде толық тексеріс аяқталған соң белгілі болады», – деді қор өкілдері.
Жастар ақшаны қайда жұмсауда?
Статистикаға сүйенсек, 18 жасқа толған жастардың көбісі мемлекет берген ақшаны білімнен гөрі баспана мәселесіне жұмсап жатыр. 2026 жылдың басындағы жағдай бойынша, 2024 жылдың ақпанынан бері арнайы шоттарға аударылған жалпы төлем көлемі 31,6 млн доллардан асып, 205 мыңнан аса өтініш қанағаттандырылған.
Шығындардың құрылымы:
Тұрғын үй жағдайын жақсартуға – 62,3% (19,69 млн доллар немесе 127 445 өтініш);
Білім алуға – 37,7% (11,92 млн доллар немесе 78 060 өтініш).
Қолданылмаған миллиондар: олардың тағдыры қалай болмақ?
Редакция қор мамандарынан әлі ақшасын пайдаланбаған азаматтар үлесі туралы және игерілмеген қаражаттың тағдыры жайында сұрады.
Қор өкілдерінің айтуынша, жинақтың басым бөлігі әзірге қолданылмай, шоттарда қалып отыр. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, екі жылда жиналған жалпы 106,5 млн доллар қаражаттың 79,1 млн доллары немесе 74,3%-ы әлі пайдаланылмаған.
БЖЗҚ пайдаланылмаған қаражаттың болашағы туралы маңызды дерек айтты:
«Бұл жинақтар 10 жыл бойы арнайы шоттарда АҚШ долларымен сақталады. Егер осы мерзімде қаражат пайдаланылмаса, ол автоматты түрде теңгеге айналып, сол күнгі Ұлттық банктің ресми бағамымен азаматтың атына ашылған ерікті зейнетақы жинақ шотына аударылады. Бұл қаражат әрі қарай инвестицияланып, азаматтың зейнетақы жинағына қосылады», – делінген қор хабарламасында.
Қарапайым тілмен айтқанда, он жыл бойы қолданылмаған қаржы автоматты түрде азаматтың болашақ зейнетақысының бір бөлігі болып, табыс әкелу үшін қайтадан инвестицияға бағытталады.
Айтпақшы, Премьер Бектенов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің басқаруына өткізу туралы шұғыл тапсырма берді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

