Саясаттанушы Асхат Асылбеков Қазақстан халық партиясының Құрылтай сайлауындағы алдын ала 3 пайыздық нәтижесін кездейсоқ жеңіліс емес, партияға қойылған «ауыр диагноз» деп бағалады. Оның пайымынша, НПК идеологиясынан, беделді тұлғаларынан және сайлаушы сенімінен айырылғаны үшін ауыр есеп төлеп отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Асылбеков бір кездері Қазақстан халық партиясы солшыл идеяны, әлеуметтік әділеттілік пен еңбек адамының мүддесін қорғайтын негізгі саяси күш болуға талпынғанын еске салды. 2023 жылғы сайлау қарсаңында НПК ұсынған бағдарламаны өзі жазғанын да атап өтті.
Алайда партия Мәжіліске өткеннен кейін жағдай күрт өзгерген. Саясаттанушының сөзінше, сол кездегі төраға Ермұхамет Ертісбаев НПК-дағы беделді әрі ұстанымы берік адамдардан арылып, айналасына жағымпаздарды жинаған.
«Партия біртіндеп идеологиясынан ғана емес, сол идеяны шын мәнінде қорғап жүрген адамдардан да айырыла бастады. Басшылықтың уәдесіне сенуден қалған азаматтар көңілі қалып, партиядан кетті. Олардың арасында қандастар мен көпбалалы аналар ерекше көзге түсті», – деді Асылбеков.
Оның бағалауынша, НПК Маңғыстау, Алматы облысы, Ұлытау секілді қазақтілді өңірлердегі бұрынғы ықпалынан айырылған. Партиядан беделді, принципшіл саясаткерлердің кетуі тек ішкі ортаға емес, тұтас қоғамға көрінді.
Сайлаушы ұранға ғана емес, саяси ұйымның ісіне де қарайды. Әлеуметтік әділеттілік пен еңбек адамын қорғауды айтқан партияны ірі кәсіпкер басқарса, ал сол құндылықтарды тұрақты жақтаған тұлғалар ұйымнан шығарылса, сөз бен істің арасы алшақтайды.
«Сонда сайлаушы неге сенуі керек: сөзге ме, іске ме? Сайлау нәтижесіне қарағанда, қоғамның едәуір бөлігі жауабын беріп қойды», – деді саясаттанушы.
Асхат Асылбеков алдын ала 3 пайыздық көрсеткішті Ермұхамет Ертісбаев секілді тәжірибелі саясаткер үшін толық сәтсіздік деп атады. Оның пікірінше, Ертісбаев 2022 жылы қарапайым халықтың ықыласын қалай аудару керегін жақсы түсінгенімен, кейін партиялық идеологиядан алыстап кеткен.
Саясаттанушы бұрынғы төрағаны бұқарамен идеялық жұмыс жүргізудің орнына Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты істі талқылауға шамадан тыс ден қойды деп сынады. Оның пайымынша, осылайша саясаттың орнын қоғамның ауыр тақырыптарына құрылған қарабайыр контент басты.
Ертісбаевтың YouTube арнасындағы видеолар 600 миллион рет қаралды деген мәлімдемесі де сайлаушы сенімін қайтара алмаған.
«Сенімді жоғарыдан тағайындау мүмкін емес. Оны телевизиялық сұхбатпен де қалыптастыра алмайсың. Сенім жылдар бойы орнығады. Оған принцип, жүйелілік және басшылыққа қолайсыз болса да ұстанымына адал қалатын адамдар керек», – деді Асылбеков.
Сарапшы НПК-ның солшыл бағыттан алыстап, саяси конъюнктураға бейімделетін ұйымға айналғанын айтты. Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар тізімі қоғамның наразылығын туғызғанын, ал электорат пікірін елемеу сайлаудағы сәтсіздікке ұласқанын алға тартты.
Партияның жаңа төрағасы Шоқанов та, оның пікірінше, сайлау науқанында саяси мазмұнмен емес, «ашытылған қырыққабат» төңірегіндегі сөзімен есте қалды.
«Егер сенім артқан адамдар партиядан кетсе немесе шығарылса, сайлаушы партияның өзіне де күмәнмен қарайды. Капитал иесі еңбек адамын қорғаймын десе, бұл қисынсыз көрінеді. Жұрт соған сене қояды деп ойлау сайлаушыны менсінбеу әрі шектен шыққан өзімшілдік», – деді саясаттанушы.
Асылбеков НПК нәтижесін партияның саяси бет-бейнесін жоғалтқаны үшін келген заңды жаза деп түйіндеді. Ендігі мәселе партия идеологиялық бағытын қайта тауып, ішкі тазалануға бара ма, әлде біртіндеп саяси кеңістіктен жоғала ма.
Сарапшы сайлау қорытындысынан Президент әкімшілігі де сабақ алуға тиіс деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстанға еңбек адамының, әлеуметтік әлсіз топтардың және қарапайым халықтың мүддесін шынайы қорғайтын қуатты солшыл партия қажет. Қытайды қуатты Коммунистік партия басқарып отырғанын еске салған Асылбеков елде қазіргі оппортунистердің орнын басуға дайын идеялы азаматтар бар екенін айтты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







