Ресей азаматтарына АҚШ визасын алу қиындай түсті. Бұдан былай туристік, оқу немесе жұмыс визасына үміткерлер сұхбаттасудан өту үшін Варшава немесе Астанаға баруға мәжбүр деп хабарлайды Ertenmedia.
Американың Мем.департаменті визалық өтініштерді қарастыру тәртібін жаңартты. Енді Ресей, Беларусь, Ауғанстан және Солтүстік Корея сияқты 16 елдің азаматы өз елінде орналасқан АҚШ дипломатиялық өкілдігінен визалық қызметті ала алмайды. Аталған елдердің тұрғындары визалық сұхбаттан өту үшін басқа мемлекетке баруы тиіс.
2021 жылдың мамырынан бастап Мәскеудегі АҚШ елшілігі Кремль енгізген шектеудің салдарынан дипломатиялық емес визаларды рәсімдеуді тоқтатқан еді. Сол кезден бастап ресейліктер Еуропадағы немесе Орта Азиядағы елдерге барып, виза алуға мәжбүр болды. Бұған дейін олар кез келген шетелдік АҚШ елшілігіне өтініш бере алатын.
Алайда енді жағдай күрделене түсті. Мем.департаменттің жаңа тәртібіне сай, Ресей азаматтары АҚШ визасын тек Польшадағы (Варшава) немесе Қазақстандағы (Астана) дипломатиялық өкілдіктер арқылы ғана рәсімдей алады.
Шешімнің нақты орындалуы да қиындық туғызады. Мәселен Польша орыстарға гуманитарлық жағдайларды қоспағанда, іс жүзінде виза бермейді. Соған байланысты Варшаваға визалық сұхбаттасуға бару мүмкіндігі өте төмен.
Сонымен қатар, АҚШ дипломаттары өз азаматтығынан тыс елде сұхбаттасудан өткен азаматтарға күту мерзімінің ұзақ болатынын ескертіп отыр.
Қазақстанға келер болсақ, Астанадағы АҚШ елшілігі алдағы уақытта орыстар үшін негізгі визалық орталыққа айналуы ықтимал.
Кремльдің басқыншылығынан кейін АҚШ елшілігі Ресейдегі жұмысын 75 пайызға қысқартып, Владивосток, Екатеринбург пен Петербордағы консулдықтарды жауып тастаған.
2022 жылдың тамызында АҚШ пен Еуроодақ ресейліктерді жаппай визадан айыру идеясын қолдамайтынын мәлімдеген болатын. Бірақ іс жүзінде Ресей азаматтарына АҚШ визасын алу жылдан-жылға күрделеніп келеді.