Украинаның бұрынғы Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный елдің қауіпсіздігі енді тек технологиялық ілгерілеуге, соның ішінде ғарыш саласын дамытуға тікелей байланысты екенін айтты. Оның пайымынша, Днепр қаласына жасалған соңғы баллистикалық соққы елдің қорғаныс жүйесіндегі әлсіз тұстарды айқын көрсеткен. Білікті әскери қолбасшының айтуынша, Ресейдің «Орешник» атты жаңа буын зымыранын қолдануы Украинаға әлі жетілмеген әуе және ғарыштық қорғаныс жүйесінің қаншалықты қауіпті екенін аңғартты, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Залужныйдің айтуынша, мұндай соққылардың алдын алу үшін елде екі бағытты қатар дамыту қажет. Біріншіден, баламалы қару түрлерін жасау. Екіншіден, зымырандардың ұшу траекториясын дер кезінде анықтап, соққы бағытын есептей алатын ғарыштық бақылау жүйесін құру.
Мұндай жүйе тек зымыран шабуылын анықтауға ғана емес, оның бағытын дәл болжауға, азаматтық және әскери нысандарды қорғауға мүмкіндік береді. Украина қазір мұндай технологиядан айрылған және ғарыш инфрақұрылымын қайта қалпына келтіруді шұғыл қолға алуы керек.
Бұрын Украина ғарыш саласында әлемнің алдыңғы бес елінің қатарында болғаны белгілі.
Кеңес дәуірінен қалған ғылыми және өндірістік база бар еді. Бірақ соңғы жылдары бұл салада тоқырау байқалды. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін халықаралық серіктестерге тәуелді бола бастаған.
Ал қазір соғыстың жағдайында Украина өз ғарыштық мүмкіндігін жаңадан қалыптастыруға мәжбүр. Залужный атап өткендей, тек технологияға сүйенген ел ғана өз аумағын толық қорғап, тәуелсіздігін нақты сақтай алады.
Экс-бас қолбасшының пікірінше, Украинада ғарыштық инфрақұрылымның толық жүйесін құру қажет. Ол зымырандарды орбитаға шығаратын ұшу аппараттарын, бақылау спутниктерін, жерден басқару бекеттерін және халықаралық байланыс тетіктерін қамтуы тиіс.
Мұндай жүйе елдің тек қорғанысын емес, навигациясын, байланысын және барлау саласын да нығайтады. Егер Украина ғарыш кеңістігіне қайта оралмаса, кез келген соққыға дайын болу мүмкіндігі шектеулі күйде қала береді.
Саяси тұрғыда да бұл бастама маңызды. Ғарыштық бағдарлама елдің ғылыми әлеуетін қайта көтеріп, инженерлік кадрлардың жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кезінде Днепропетровск пен Харьковтағы зауыттар Еуропаның ең қуатты зымырандарын жасаған еді. Енді сол рух пен тәжірибені жаңғырту уақыты келді.
Залужныйдің сөзі елдің болашаққа бағдарын айқындайтындай. Оның пікірінше, бүгінгі соғыс майданда ғана емес, ғарыш пен технология кеңістігінде де жүріп жатыр. Ал кім жаңа технологияға ертерек қол жеткізсе сол жеңіске жақын. Украина үшін қазір ең басты міндет ғылым мен өндірісті біріктіріп, өз аспанын өз қолымен қорғауға үйрену.