БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы аясында АҚШ президенті Дональд Трамптың Украинаға қатысты айтқан сөзі халықаралық саясатта жаңа пікірталас тудырды. Трамп өз мәлімдемесінде Ресейдің «қағаз жолбарысқа» айналғанын айтып, үш жарым жылға созылған соғысты «нағыз әскери күш болса, бір апта ішінде аяқтауға болатын» деп сипаттады, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, дәл қазір Ресейдің экономикалық жағдайы әлсіреп, соғыс шығындары ұлғайып жатқан тұста Украина үшін тарихи мүмкіндік туып отыр. «Еуропалық Одақтың қолдауымен, әсіресе НАТО тарапынан қаржылық және әскери демеумен Украина өз шекараларын қалпына келтіруге толық қабілетті. Бұл неге мүмкін болмасқа?» – деп жазды Трамп өзінің Truth Social парақшасында.
Трамптың сөзіне назар салсақ, онда екі қабат ой бар. Бір жағынан, ол Украинаны қолдап, «бастапқы шекараларын қайтаруға болады» деген оптимистік көзқарасын білдірсе, екінші жағынан Ресейдің ішкі әлсіздігіне ишара жасады.
Америкалық саясаткердің бұл мәлімдемесі кездейсоқ емес. 15 тамызда Аляскада Путинмен жеке кездескенде, ол соғысты тоқтату үшін үшжақты келіссөз өткізу туралы ой қозғаған еді. Бірақ бұл бастама жүзеге аспай қалды. Ал қыркүйектің басында Путин Зеленскийді Мәскеуге шақырғанымен, Украина басшысы ресми түрде бас тартты. Яғни, дипломатиялық арналар жабық күйінде қалды, алайда АҚШ президенті риторикасын өзгертіп, «Украинаға қолдау күшейсе, соғыстың тағдыры басқа арнаға бұрылуы мүмкін» дегенді меңзеп отыр.
Бұл жерде тағы бір мән беретін жайт – Трамптың НАТО-ға байланысты сөзі. Ол «Біз НАТО-ға қару береміз, ал оны қалай қолдану керегін НАТО-ның өзі шешеді» деп қысқа қайырды.
АҚШ соғыстың негізгі ауыртпалығын Еуропаға ысырып, Украинаны қолдау саяси сауданың бір бөлігі ретінде қарастыруда. Бүгінде Ресей экономикасы әлсіреген тұста санкциялар мен әскери шығындар Кремльді тығырыққа тірегенін көріп отырмыз. Forbes пен Bloomberg сарапшылары да соңғы айларда Ресейдің бюджет тапшылығы, мұнай экспортының құлдырауы мен инфляцияның өсуін жиі атап өтіп жүр.
Трамптың сөзі халықаралық аренадағы күштердің қайта орналасуына берілген белгі. Украина шынымен де өз жерін қайтарып алу мүмкіндігіне ие ме? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ.
Бірақ «қазіргі сәт – Украина үшін ең қолайлы уақыт» деген пікірдің артында үлкен саяси есеп жатыр. АҚШ-та сайлау алдындағы кезең басталды, Трамптың өзі де электоратқа «мен Ресейге қысым жасап, Украинаны қолдаушы президентпін» деген сигнал беріп отыр. Еуропада да пікір екіге жарылған. Бір бөлігі Украинаны толық қолдауды талап етсе, екіншілері соғысты тоқтатудың жолын іздейді.
Ресейдің «экономикалық әлсіздігі» Трамптың басты аргументі. Ал Украина үшін басты мүмкіндік – қаржылық әрі әскери көмек үзілмей тұрған шақта өз бастамасын көрсету. Бұл соғыстың тағдырын шешетін фактордың бірі болуы әбден мүмкін. Дегенмен, әскери қимылдардың жалғасуы да, дипломатиялық келіссөздердің қайта жандануы да бүгінгі әлемдік саясаттағы ең күрделі тақырыптардың бірі болып қала береді.
Тағы оқыңыз:
Табыс өсіп, тиімділік төмендеген ұлттық компаниялар Үкіметті ұшпаққа шығармайды