Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректорының міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған білім мен ғылым саласына қатысты бастамаларға пікір білдірді,— деп жазады Ertenmedia
— Биылғы Жолдауда Президентіміз білім беру саласына айрықша назар аударып, жаңа міндеттер жүктеді. Ол инвестицияның ең сенімді түрі — білім мен ғылымға құйылған қаражат екенін атап өтті. Президенттің бастамасымен Қытайдың жетекші университеттерінің бірімен жасалған халықаралық келісім еліміздегі білім саласының жаңа кезеңін ашқалы отыр. Бұл аясында іске асатын қос дипломды бағдарлама қазақстандық жоғары білімнің халықаралық беделін көтеріп, жастарға жаһандық бәсекеде жаңа мүмкіндіктер береді, — деді Әлібек Нұртаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы алдағы үш жылда Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс екенін айтты. Бұл бағытта университет цифрлық сауаттылық пен IT-біліктілікті дамытуға, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдауға ерекше көңіл бөлуде. Осылайша ОҚПУ еліміздің цифрлық трансформациясына өз үлесін қосуға дайын.
Президент Жолдауда ғылым мен жоғары білім саласына да басымдық берді: инновациялық саясатты бейінді министрлікке тапсыру, талантты зерттеушілерді қолдау, шетелдегі ғалымдардың елге оралуына жағдай жасау және кадрлық әлеуетті, соның ішінде техникалық мамандарды дамыту қажеттігін атап өтті.
Әлібек Нұртаевтың айтуынша, университетте бұл бастамалар іске асырыла бастады. Коллективтің еңбегі арқасында оқу орны гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру конкурстарында 13 жобаны жеңіп алды. Жобалардың тақырыбы сан алуан: білім беру процесін цифрландыру мен жасанды интеллектіден бастап, ауыл мектептерін дамыту, оқушылардың эмоционалдық жағдайын болжау, ұлттық құндылықтарды нығайту және мұғалімдердің зерттеушілік құзыреттерін арттыруға дейін қамтылған.
Жалпы барлық жобаларға бөлінген қаржы көлемі бір миллиард теңгеден асты. Бұл қаражат — жай ғана материалдық қолдау емес, ғылымға деген сенім мен ел болашағына салынған инвестиция.
«Біз Президентіміз айқындап берген білім беру бағытындағы міндеттерді толық жүзеге асыру үшін бар күшімізді саламыз», — деп қорытындылады ректор.