Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Astana Finance Days форумында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) жеке басқаруға беру жоспары туралы айтты деп жазады Ertenmedia.
Сүлейменовтің пікірінше, қазіргі кезде Қазақстанның қаржы секторындағы жағдай тұрақты, алайда инфляция өсімін тежеп, теңге бағамын нығайту мәселесінде әлі де көп жұмыс істеу керек. Оның бірден-бір жолы мемлекеттік активтерді тиімді басқару, әсіресе халықтың зейнетақы жинағын тиімді инвестициялау.
«Еліміздегі зейнетақы қорын біртіндеп жеке басқаруға беруіміз керек. Әрине, бұл іске өте сақ әрі үлкен жауапкершілікпен келеміз. Қатаң қадағалау жүргіземіз. Бірақ қорды жеке секторға тапсырудан басқа тиімді жол көріп тұрған жоқпыз», – деді Ұлттық банк басшысы.
Сонымен қатар, ол қазақстандықтардың зейнетақы жинағын басқару өте маңызды әрі сезімтал тақырып екенін мойындады.
«Зейнетақы жинағын жеке басқаруға беру халық үшін психологиялық тұрғыда ауыр болуы мүмкін. Өйткені 2013 жылғы жағдай әлі есімізде. Сол кезде қорды басқарғандар көптеген қателік жіберді, халықтың сеніміне сызат түсті. Әсіресе, қазіргі зейнет жасындағы азаматтар үшін бұл өте ауыр соққы болды. Олар 90-жылдардағы дағдарысты бастан кешкен буын. Сондықтан бұл мәселені біз ерекше мұқият қарастырамыз», – деп атап өтті ол.
Дегенмен, Тимур Сүлейменов қорды әлемге әйгілі, беделі жоғары, халықаралық деңгейде танылған компанияларға сеніп тапсыру арқылы халықтың сеніміне ие болып, БЖЗҚ-ны табысты етуге болатынына сенімді.