Украина Орта Азия, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасты стратегиялық деңгейге көтеруге шешім қабылдады.
Exclusive-тегі әріптестерге сұхбат берген Киевтің еліміздегі елшісі Украинаның аймақпен жұмыс істейтін арнайы басқарма ашатынын мәлімдеді деп жазады Ertenmedia.
Жаңа ведомство ашып, Астананы аймақтағы басты әріптес ретінде белгілеуге Зеленскийдің өзі мұрындық болған.
Украина президенті кіндік Азияны, соның ішінде Қазақстанды Кремльлің геосаяси ықпалынан тыс дербес ойыншы ретінде мойындап отыр.
Тоқаевтың соғыс жағдайында Украинаның аумақтық тұтастығын ашық мойындап, Ресейдің озбыр әрекетін дипломатиялық жолмен қолдамағаны Зеленскийдің көзінен тыс қалмаған деталь.
Украина басшысы Қазақстанның Мәскеу ықпалынан тыс, тәуелсіз саяси бағыт ұстанатынына, шешуші сәтте Кремльден өзге ұстанымға бара алатынына көзі жеткен сыңайлы.
Бізге жеткен мәлімет бойынша Киев жаңа басқарманы Мәскеудің «саяси территориясын» дипломатиялық тұрғыдан тарылтудың ең тиімді тәсілі ретінде қарастырады.
Екі ел президенттерінің соңғы телефон әңгімесі де осы тұрғыдан маңызды. Әңгіменің қазақ халқы үшін рухани мәні бар Абай күніне сәйкестенуі Киевтің Қазақстанмен байланысқа мән беретінін ғана емес, Тоқаевпен жеке диалогтың өзіндік маңызы бар екенін білдіреді.
Украина үшін дәл қазір Ақорданың Кремльге жалтақтамай, тәуелсіз дипломатиялық бағыт ұстанғаны құнды. Киев Тоқаевқа саяси шешімдерді прагматикалық түрде қабылдай алатын, көпвекторлы саясатқа адал басшы ретінде қарайды.
Жаңа құрылған басқарманың негізгі миссиясы Қазақстанның осы саяси дербестігін тереңдетіп, екі ел арасындағы экономикалық, мәдени және ақпараттық көпірді нығайту.
Зеленский әкімшілігі үшін біздің ел Ресей ықпалынан тыс балама саяси коммуникация алаңы. Киев осылайша Қазақстанның көпвекторлы саясатына саяси инвестиция жасап отыр
«Біздің мақсат Қазақстанмен саяси диалогты толық қалпына келтіру, тіпті 2020-2021 жылдардағы деңгейден де асып түсу. Егер арадағы байланысымыз тұрақты, өзара сенімге негізделген жаңа деңгейге көтерілсе, біз көп нәрсеге қол жеткіземіз деп ойлаймын», – деді осы ретте Виктор Майко Exclusive-ке берген сұхбатында.
Украинаның Орта Азияны жеке басқармаға айналдырып, Қазақстанды осы құрылымның орталығына қоюы Тоқаевтың сыртқы саясатына берілген нақты баға.